Тәрбиешісі туберкулезбен сырқаттанған балабақшадағы қазіргі жағдай қандай?
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Көгілдір тоғандар ықшам ауданында орналасқан «Толағай» мемлекеттік балалар бақшасында туберкулезбен сырқаттанған тәрбиеші жұмыс істеген. Балабақша карантинге жабылған жоқ, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. «Толағайға» балаларын берген ата-аналар болса дабыл қағуда.
«Тәрбиешінің туберкулезбен ауыратындығы өткен жылдың желтоқсан айында белгілі болған. Оның сырқаты жайлы ата-аналар жақында ғана естіп білдік. Менің екі балам аталған балабақшаға барады. Қызым үшінші, ұлым бірінші қабаттағы топта. Ал тәрбиеші екінші қабатта жұмыс істеген. Тәрбиешінің сырқаты жайлы балабақшаның әкімшілігі, не денсаулық сақтау басқармасы, не білім бөлімі ата-аналарға айтпаған. Балабақша карантинге жабылмады. Осы уақытқа дейін біздің ештеңеден хабарымыз болмады, балаларымыз күнде балабақшаға барып жүрген. Тәрбиешінің сырқаты жайлы емханада жұмыс істейтін басқа анадан білдік.», - дейді Әсемгүл Бақтыбайқызы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар болса ата-аналарды дүрлікпеуге шақырады. Ақ халаттылардың айтуынша, жағдай әу бастан-ақ бақылауда болған. Тәрбиешімен қарым-қатынаста болған балалардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қажетті профилактикалық шаралар жүргізілген.
«Туберкулезбен сырқаттанған тәрбиеші жұмыс істеген балабақшадағы топта 30 бала болған. Олардың барлығы тексерілді. Сараптама қорытындысы бойынша 25 баланың дені сау, қалған бес баланың сараптама қорытындысы жақын күндері дайын болады», - деді басқарма басшысының орынбасары Асқар Хорошаш.
Оның айтуынша, тәрбиешіде туберкулездің бастапқы деңгейі анықталған, ол туберкулезге қарсы диспансерде ем қабылдап жатыр.
«Аталған балабақшаның тәрбиешісі 2018 жылдың желтоқсанында жөтел болғандықтан алғаш рет медициналық қызметке жүгінген. Онда туберкулездің клиникалық белгілері анықталып, тексерістен өткізілген, емделушіден қажетті талдаулар алынған. Сол уақыттағы сараптама қорытындысы бойынша бактерия бөліну болмаған. Яғни, оның сырқатты сол кезеңде басқа бір адамға жұқтыру мүмкіндігі жоққа тән», - дейді А.Хорошаш.
20 желтоқсан күні мамандар оның отбасын тексерістен өткізген. Сондай-ақ, 21 желтоқсан күні тәрбиеші жұмыс істеген балалар бақшасындағы топ тексерілді.
«Аталған педагогика қызметкері флюорографиядан 2018 жылдың мамыр айында өткен. Тәрбиешінің жұмысқа жіберу жайлы рұқсат құжаттары болған. Медициналық тексерістен тамыз айында өткен», - дейді Қарағанды қаласы білім бөлімінің жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі Наталья Головина.
Дәрігерлердің айтуынша, ата-аналардан тәрбиешінің сырқатын жасырудың өзіндік себебі бар.
«Дәрігерлік құпия» деген түсінік бар. Яғни «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі бойынша мұндай ауруларды, оның ішінде туберкулез ауруымен сырқаттанғандар жайлы ақпараттарды жария қылуға болмайды. Осыған байланысты ата-аналарға кімнің ауырғандығы жайлы мәлімдеме жасалынбады», - дейді А.Хорошаш.
Алдын ала мәліметтер бойынша, емделуші медициналық қызметке жүгінген емхананың қызметкері тәрбиешінің туберкулезбен сырқаттанғанын біліп, бұл ақпаратты әлеуметтік желіге жариялаған. Оның да баласы «Толағай» балалар бақшасына барып жүрген. «Дәрігерлік құпияны» көпке жария еткен ақ халаттыға қатысты тексеріс жүріп жатыр.
«Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Егер аталған факті анықталатын болса, емхана қызметкеріне қатысты тәртіптік жаза қолданылатын болады. Бұл жағдайда медицина қызметкеріне қолданылатын ең қатаң шара - жұмыстан шығару», - деді ол.