Бала жүрегіне шамшырақ жаққан жас ұстаз

Ұстаздық – әр баланың өміріне жол сілтейтін, жүрекпен атқарылатын қасиетті мамандық. Мұғалім тек пәнді оқытып қана қоймай, шәкірттің бойындағы ізгі қасиеттерді оятып, олардың сенімін арттыруға ат салысады. Осындай қасиетті мамандықты саналы түрде таңдаған жас педагогтардың бірі – Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы №17 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ықбал Темірбайқызы Палуаниязова. BAQ.KZ тілшісі ауыл мұғалімінің еңбек жолымен, оның шәкірттеріне деген шынайы махаббаты мен жаңашыл сабақ әдістерімен танысып көрген еді.

Ықбал Темірбайқызы 1997 жылы қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі – жүргізуші, анасы – есепші. Көпбалалы, татулығы жарасқан шаңырақта өскен ол бала күнінен білімге құштар, ізденімпаз болып қалыптасты. Ақтау қаласындағы №17 мектепте оқып жүргенінде түрлі байқаулар мен іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұстаз деген мамандыққа ерекше құрметпен қарадым. Әр баланың жүрегіне жол таба білетін мұғалімдерім маған үлгі болды, – деп еске алады ол.

Осы бала күнгі арманы оны 2013 жылы Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы колледжге алып келді. Ол «Бастауыш білім беру мұғалімі» мамандығын таңдады. 2016 жылы колледжді үздік дипломмен тәмамдап, сол жылы ұстаздық жолын бастады.

Жұмысымның алғашқы күнінен-ақ мен өзімді дұрыс жол таңдаған адам ретінде сезіндім. Балалардың көзіндегі сенім мен қызығушылық мені одан сайын қанаттандырды, – дейді жас маман.

Бастауыш сынып оқушысы – тұлғалық қалыптасудың алғашқы сатысындағы бала. Сондықтан Ықбал Темірбайқызы әр сабағын ойын элементтерімен, топтық жұмыс, зерттеуге бағытталған тапсырмалармен байытады. Интерактивті тақта, Quizizz, Wordwall сияқты цифрлық құралдарды жүйелі қолданады.

Балалардың ішкі мотивациясын ояту үшін мұғалім «Жетістік баспалдағы», «Жұлдызша беру» сияқты әдістерді қолданады. Әрбір кішкентай жеңіс – баланың ертеңіне сенім береді.

Жас ұстаз заманауи педагогикалық технологияларды ұтымды пайдаланады. «Сын тұрғысынан ойлау», «Жобалық оқыту», «Жеке және саралап оқыту» әдістері арқылы оқушыларды тек тыңдаушы емес, ойлаушы, шешім қабылдаушы тұлға ретінде тәрбиелейді. Сабақтарда нейрожелі мен цифрлық платформаларды тиімді қолдануы да оның кәсіби ізденісін айғақтайды.

Балаларға тек ақпарат беру аз. Олар ойланып, салыстырып, өз шешімін таба білуі керек. Бұл – заманауи мұғалімнің басты мақсаты, – дейді ұстаз.

Ықбал Темірбайқызының кәсіби жетістіктері де аз емес. Аудандық және облыстық деңгейлерде семинарларға қатысып, тәжірибесімен бөлісіп келеді. «Үздік сынып жетекші» номинациясының иегері атанған. 2025 жылы Мұнайлы ауданы білім бөлімінің және Басқұдық ауылы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Бірақ оның айтуынша, ең маңызды марапат – шәкірттің жетістігі мен ата-ананың алғысы.



Өз кәсібіне адал, жаңашыл ұстаздың кәсіби ұстанымы да айқын.

Мұғалім тек білім беруші емес, бағыт көрсетуші, дем беруші тұлға. Жаңашылдықтан қорықпаңыздар. Ең бастысы – баланы жақсы көру. Тек жүрекпен жұмыс істеген ұстаз ғана шәкірттің жүрегіне жол табады, – дейді Ықбал Темірбайқызы.

Ықбал Палуаниязова – өз ісіне шынайы берілген, шәкірттеріне жүрегі ашық жас ұстаз. Оның тәжірибесі мен кәсіби жаңашылдығы әр сабақта көрініс табады, ал шәкірттерінің кішкентай жетістіктері – ең үлкен марапаты. Әр бала – жарығын жағуды күтетін кішкентай шамшырақ, ал сол шамшырақтың жарығы – ұстаздың мейірімі мен табанды еңбегіне байланысты. Жас маманның жүрегі мен кәсіби ізденісі арқылы оқушылар тек білім алып қана қоймай, өздерін сенімді, шығармашыл тұлға ретінде сезінеді.

Шынайы ұстаздық – жүрекпен жұмыс істеу, әр баланың бойындағы дарынды ашуға мүмкіндік беру. Ықбал Темірбайқызының іс-әрекеті дәл осы ұлы мақсатқа қызмет етеді. Осындай педагогтар арқасында әр оқушы өз жолын тауып, болашағына сенімді қадам басуға дайын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы