21 Тамыз 2026, 12:26 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

«Бала үшке дейін сөйлемесе, күте беруге болмайды» – логопедпен сұқбат

Бала үшке дейін сөйлемесе, «өзі сөйлеп кетеді» деп күте беру дұрыс па? Логопед тіл дамуына әсер ететін факторлар мен ата-ана жіберетін қателерді айтты.

Соңғы жылдары баланың тілінің кеш шығуы, сенсорлық бұзылыстар, гаджетке тәуелділік, ата-анамен тірі қарым-қатынастың азаюы жиі айтылатын тақырыпқа айналды. Бірі «әкесі де кеш сөйлеген» деп күтеді, енді бірі баласын қатарынан қалдырмау үшін жастайынан түрлі дамыту орталығына береді. Ал мамандар баланың сөйлеуі тек тілге ғана емес, оның қимыл-қозғалысына, эмоциялық байланысына, сенсорлық қабылдауына және күнделікті ортасына тәуелді екенін айтады.

Бала бір жаста нені істей алуы керек? Екі жаста қанша сөз айтуы қажет? Телефонның әсері қандай? «Ерекше балалар неге көбейіп кетті?» деген сұрақтың жауабы бар ма? Осы және өзге де сұрақтарды BAQ.KZ тілшісі логопед-дефектолог Майра Болатбекқызымен талқылады.

– Майра ханым, қазір тілі кеш шығатын немесе дамуында белгілі бір ерекшелігі бар балалардың көбейгені жиі айтылады. Сіз де мұны байқайсыз ба?

– Иә, соңғы жылдары бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Қазір тек тілі кеш шығып жатқан балаларды ғана айтып отырған жоқпыз. Белгілі бір диагнозы, дамуында ерекшелігі немесе бұзылысы бар балаларда да сөйлеу тілінің кешеуілдеуі қатар жүруі мүмкін.

Менің тәжірибемде де мұндай балалар жиі кездеседі. Бірақ оның себебін бір ғана нәрсемен байланыстыру дұрыс емес. Баланың дамуына әсер ететін фактор өте көп.

Жалпы біз эндогенді және экзогенді факторларды қарастырамыз. Эндогенді факторларға жүктілік кезеңі жатады. Ананың денсаулығы, жүктіліктің қалай өткені, түрлі асқынулар, эмоционалдық жағдайы, қозғалыс белсенділігі – бәрі ескеріледі.

Одан кейін босану кезеңі бар. Бала қалай дүниеге келді, асфиксия немесе гипоксия болды ма, Апгар шкаласы бойынша жағдайы қандай болды – мұның да маңызы бар.

Туғаннан кейінгі кезең де маңызды. Мысалы, нәрестелік сарғаюдың ұзаққа созылуы, билирубин деңгейінің шамадан тыс жоғарылауы секілді жағдайлар дәрігердің бақылауын қажет етеді. Себебі өте жоғары билирубин жүйке жүйесіне әсер етуі мүмкін.

Одан бөлек, баланың алғашқы бір жылдағы дамуын қараймыз: басын уақытында ұстады ма, отырды ма, еңбектеді ме, жүрді ме, ата-анасымен қарым-қатынасы қандай болды, экран алдында қанша уақыт өткізді? Мұның бәрі – бір-бірімен байланысты факторлар.

Сондықтан «анасы телефон берді, содан бала сөйлемей қалды» немесе «анасы аз сөйлесті» деп бір ғана себепті көрсету дұрыс емес. Көп жағдайда бірнеше фактор қатар жүреді.

– Сонда ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тәсілі де әсер ете ме?

– Әрине. Кейде үйде бала көп болып, бір балаға жеткілікті көңіл бөлінбеуі мүмкін. Ал кей отбасында керісінше, баланы шамадан тыс өбектейді.

Мысалы, бала бір нәрсені сұрап үлгермей жатып, анасы оның не қалайтынын түсініп, қолына ұстата қояды. Бала өзі әрекет етпейді, сұрамайды, қажеттілігін сөзбен немесе ишарамен білдіруге тырыспайды. Бұл – гиперқамқорлықтың бір түрі.

Балаға мүмкіндік беру керек. Өзі сұрасын, көрсетсін, әрекет етсін, жауап күтсін. Себебі тілдің дамуы – тек сөз жаттау емес. Оның артында қарым-қатынас, қимыл, эмоция, таным және қоршаған ортамен байланыс жатыр.

– Бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың арасында айырмашылық бар ма?

– Физиологиялық тұрғыдан қарасақ, түбегейлі айырмашылық жоқ. Бірақ баланың өмір сүретін ортасы қатты өзгерді.

Бұрын балалардың қозғалысы көп болатын. Ауылда су тасиды, үй шаруасына көмектеседі, малға қарайды, далада жүгіреді, құммен ойнайды. Тұрмыстың өзі баланы қимылдауға мәжбүрлейтін.

Қазір жағдай әлдеқайда жеңіл. Су үйдің ішінде, душ, дәретхана бар, тұрмыстық техниканың бәрі қолжетімді. Бұл, әрине, жақсы. Біз өте қолайлы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ сол қолайлылықпен бірге адамның күнделікті қозғалысы да азайып кетті.

Баланың қолында телефон бар. Бір бөлмеден екінші бөлмеге барса да, телефонды өзімен алып жүреді. Кейде ата-ананың өзі «тыныш отырсыншы» деп телефонды ұстата салады.

Бала экран алдында отырғанда жүгірмейді, доп ойнамайды, құм ұстамайды, заттарды зерттемейді, анасымен сөйлеспейді, басқа баламен ойнамайды. Ал осы әрекеттердің бәрі оның дамуына қажет.

Сондықтан телефонды мүлде алып тастау керек деп айтпаймын. Бірақ уақытпен, шектеумен беру керек. Телефон баланың негізгі ермегіне айналмауы тиіс.

– Баланың қай жаста қандай дағдыны меңгеруі керек? Ата-ана нақты неге назар аударғаны жөн?

– Бір жас – өте маңызды кезең. Бала енді ғана жүріп, айналасын танып келе жатады. Бұл жаста ол міндетті түрде ұзақ сөйлем құрап сөйлемеуі мүмкін. Бірақ қарым-қатынас жасауға талпынысы болуы керек.

Мысалы, бір нәрсе керек болса, қолымен көрсетуі, ишарамен білдіруі, ата-анасының қарапайым сөзін түсінуі маңызды.

Сонымен қатар бала негізгі дене мүшелерін көрсете бастауы керек. Бас, көз, құлақ, қол, аяқ, ауыз сияқты қарапайым ұғымдарды түсінгені жақсы. Кейін оған мұрын, бет, іш секілді басқа атаулар қосыла береді.

Эмоциялық байланысқа да қарау керек. Мысалы, анасы мұңайып отырса, бала оның көңіл күйіндегі өзгерісті байқап, қасына келуі мүмкін. Қалай жұбатуды білмеуі заңды, бірақ реакция білдіреді. Бұл да маңызды.

Екі жасқа қарай бала жеке сөздерді біріктіре бастайды. «Мама бер», «су ішем», «әке қайда?», «далаға барам» деген секілді екі сөзден тұратын қарапайым тіркестер пайда болады.

Ал төрт жасқа қарай бала ойын толық сөйлеммен жеткізіп, не болғанын айтып, сұрақ қойып, қарапайым әңгімені жалғастыра алуы керек.

Әрине, әр баланың даму қарқыны әртүрлі. Бірі сәл ерте, бірі сәл кеш меңгереді. Белгілі бір ауытқу болуы мүмкін. Бірақ жасына сәйкес негізгі дағдылар мүлде байқалмаса, бұл – назар аударуға тиіс белгі.

– Ата-аналар арасында «әкесі де кеш сөйлеген», «атасы төртке дейін сөйлемепті, кейін өзі-ақ кеткен» деген түсінік бар. Күту дұрыс па?

– Маған консультацияға келген ата-аналардың көбі осыны айтады. «Әкесі де кеш сөйлеген», «атасы да сөйлемеген, кейін бәрі жақсы болып кеткен» дейді.

Бірақ біз бүгінгі баланың өмір сүретін ортасы бұрынғыдан мүлде басқа екенін ұмытпауымыз керек.

Бұрын ата-әжелер баламен табиғи түрде көп әрекет жасайтын. Бесік жырын айтатын, ертегі айтатын, тақпақ үйрететін, қолымен түрлі жұмыс жасататын. Ұсақ моторика күнделікті тіршіліктің өзінде дамитын.

Баланы бесікке бөлегеннің өзі, тербеткені, ән айтқаны, құшағына алғаны – бәрі сенсорлық әрі эмоциялық тәжірибе.

Кешке жарық өшсе, отбасы бірге отырып сөйлесетін. Ертегі айтатын. Бала қиялдайтын. Қазір мұның бәрі азайып барады.

Қазір ата-ана ертегіні өзі айтып берудің орнына телефоннан қосып береді. Бесік жырын да жазбадан тыңдатады. Бірақ телефоннан шыққан дауыс пен ананың баласын құшағына алып, көзіне қарап ән айтқаны бірдей емес.

Тіл үшін тірі қарым-қатынас қажет. Сондықтан «біздің әулетте бәрі кеш сөйлеген» деп үш-төрт жыл күтіп отыруды дұрыс деп санамаймын. Күмән болса, маманға көрсеткен жөн.

– Үйде қазақша сөйлейтін отбасылар бар, бірақ бала балабақшада орысша сөйлейді, YouTube-ты ағылшынша көреді. Үш тіл баланың тілін шатастырып жібермей ме?

– Қазір екітілділік, үштілділік өте жиі кездеседі. Бірақ бала кішкентай кезінен қай тілді көбірек естісе, қай тілде көбірек қарым-қатынас жасаса, сол тілді жақсы сіңіреді. Мысалы, жаңа туған баланы Қазақстаннан алып, Америкада өсірсеңіз, ол ағылшынша сөйлеп кетеді. Өйткені айналасындағы тілдік орта – ағылшын тілі.

Сол сияқты үйде ата-анасы қазақша сөйлеп, бірақ баланың көретін YouTube-ы, мультфильмі, әні түгел ағылшынша болса, ол ағылшын сөздерін ерте қолдануы мүмкін.

Баланың тіліне ата-ананың қай тілде сөйлейтіні ғана емес, оның күн сайын қандай ақпарат еститіні де әсер етеді. Сондықтан баланың қазақша сөйлегенін қаласақ, қазақ тілі оның күнделікті тірі қарым-қатынас тілі болуы керек. Онымен сөйлесу керек, кітап оқу керек, сұрақ қойып, жауабын күту керек.

Экраннан қазақша контент көрудің өзі жеткіліксіз. Тіл тірі қарым-қатынас арқылы қалыптасады.

– Кей ата-ана баласын үш-төрт жастан бастап түрлі дамыту орталығына, алты жастан мектепке беруге асығады. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Бала алты жаста әлі ойын баласы. Зейінді ұстап тұру, өзін-өзі бақылау, әрекетін жоспарлау, күту сияқты жоғары психикалық функциялар бір күнде қалыптаспайды. Мидың маңдай алды бөлігі де біртіндеп жетіледі. Сондықтан алты жастағы баладан ересек адам сияқты бірнеше сағат тапжылмай отыруды күту дұрыс емес.

Баланың ең үлкен жұмысы – ойын. Ол доппен ойнасын, құммен ойнасын, машина айдасын, конструктор құрастырсын, жүгірсін. Ойын арқылы бала қозғалады, қиялдайды, сөйлейді, келіседі, жеңіледі, ұтады, кезегін күтеді.

Біз кейде өзіміз баланы тым ерте асықтырамыз. «Көршінің баласы барып жүр», «түгеншенің баласы оқып қойды», «біздің бала да қалмасын» деп түрлі сабаққа бере береміз.

Баланы өзгемен салыстырмау керек. Өз балаңызға қараңыз. Ол дайын ба? Қызығушылығы бар ма? Шаршап жүрген жоқ па? Әр баланың даму қарқыны әртүрлі.

– Соңғы уақытта «сенсорлық интеграция», «сенсорлық бұзылыс» деген сөздерді де жиі естиміз. Бұл не?

– Қазір сенсорлық қабылдауға қатысты қиындықтарды жиі кездестіреміз. Өз тәжірибемде де мұндай балалардың көбейгенін байқаймын.

Кейде ата-ана «балам өте таза, киіміне бір тамшы су тисе бірден шешеді» дейді. Немесе «құмды баспайды», «шөпке жалаңаяқ шықпайды», «слайм ұстамайды», «қолын қайта-қайта жуа береді» деп айтып жатады.

Ата-ана оны «тазалықты жақсы көреді» деп қабылдауы мүмкін. Бірақ кей жағдайда бұл тактильді, яғни тері арқылы сезінуге байланысты жоғары сезімталдықтың белгісі болуы мүмкін.

Біз үшін жай ғана су тамшысы болған нәрсе балаға өте жайсыз сезілуі мүмкін. Құм, шөп, слайм немесе белгілі бір мата оған жағымсыз әсер береді. Сондықтан ол қолын тартып алады, аяғын көтеріп тұрады, тезірек жуғысы немесе киімін шешкісі келеді.

Мұндай белгілердің бәрін бірден диагноз деп қарауға болмайды. Бірақ баланың күнделікті өміріне қатты кедергі келтіріп жатса, назар аудару керек.

Сенсорлық қабылдау баланың қозғалысына, ойынына, мінез-құлқына, қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Кейбір балаларда бұл сөйлеу және жалпы даму ерекшеліктерімен қатар жүреді.

Сондықтан мен ата-аналарға сенсорлық даму туралы түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек деп ойлаймын. Тіпті бала дүниеге келгеннен бастап ата-ана оның түрлі жанасуға, дыбысқа, қозғалысқа қалай реакция білдіретінін бақылап үйренуі керек.

– Сонда баланың дамуына ең қажет нәрсе не?

– Тірі қарым-қатынас. Балаға қымбат ойыншықтың бәрін алып беру міндетті емес. Оған ата-анасының назары керек. Бірге ойнаңыз. Құм ұстасын. Су құйсін. Қамыр илесін. Доп тепсін. Кітаптың бетін өзі ашсын. Сізбен бірге сөйлессін. Сұрақ қойсын. Жауабын күтсін.

Телефонды қолына ұстата салу – оңай. Бірақ баланың қасына отырып, онымен ойнау, сөйлесу, ертегі айту үшін уақыт керек. Бала тілінің, эмоциясының, ойлауының қалыптасуына сол уақыт өте маңызды.

– Ата-ана қай кезде «күте тұрайық» демей, маманға баруы керек?

– Ата-ананың өзінде «бір нәрсе дұрыс емес сияқты» деген күмән пайда болса, сол – жеткілікті себеп. Бала жасына сәйкес қарапайым сөздерді түсінбесе, ишара қолданбаса, сөйлесуге талпынбаса, бұрын болған дағдысы жоғалса, көзбен байланысы немесе әлеуметтік қарым-қатынасы алаңдатса, маманға көрсеткен дұрыс.

«Өзі сөйлеп кетеді» деп бірнеше жыл жоғалтып алмау керек. Маманға барып тексерілгеннен ешкім ұтылмайды. Егер бәрі дұрыс болса, ата-ана тынышталады. Ал белгілі бір қиындық болса, оны неғұрлым ерте байқасақ, соғұрлым ертерек жұмыс бастауға мүмкіндік бар.

Баланың дамуын жарысқа айналдырудың қажеті жоқ. Бірақ елемеуге де болмайды. Ең бастысы – балаға қарау, оны тыңдау және онымен бірге болу.