Балалар күні қарсаңында Түркістанда 2 үшем дүниеге келді
Түркістан облысы, BAQ.KZ. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістанда екі бірдей үшем өмірге келді. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.
27 жастағы Динара Нарханова екінші рет сәбилі болды. Бұрын бір қызы болған. Жүктіліктің 31 аптасында мерзімінен бұрын 3 ер баланы дүние әкелді.
"Нәрестелер толық жетілмегендігіне байланысты туған кезде жағдайы ауыр, тыныс жетіспеушілігі 2-3-ші дәрежеде болған. Қазір сәбилердің жағдайы жақсы",- дейді дәрігерлер.
Ал екінші үшемді дүниеге әкелген Сайюра Токлиева бірден көпбалалы ана атанды. Өйткені, оның бұған дейін 2 ұл, 1 қызы болған. Облыс әкімдігі тарапынан үшемдердің барлығына қоларба мен арнайы төсектер берілді.
"Үшем болады деп ойламадым. 5 апталығында естіген кезде өте бақытты болдым. Қуанышым қойныма сыймай, соларды көру арман болды. Денсаулығым жақсы, жүктілік те жақсы өтті. Операция да жақсы өтті. Балаларым бірінен кейін бірі жылап, дүниеге келді. Фатима, Зухра, Исмайл болды" - дейді Сайюра Коклиева.
Айта кетейік, бұл Түркістан облысында жыл басынан бері дүниеге келген 3-үшем.
"Қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы. Үйіне шығарып жатырмыз. Салмағы аз болғандықтан балаларды дәрігерлер қарап, күтіп, баптап, үйіне жақсы жағдайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай ірі отбасына медибике бөлінетін болады, осы үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз" - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.