11 Қараша 2026, 10:25 Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бала туған сайын отбасының қарызын азайту керек – Мұрат Әбенов

Мұрат Әбенов Қазақстанда бала дүниеге келген сайын жас отбасылардың кредиттік жүктемесін жеңілдететін жүйені талқылауды ұсынды. Ол тұтынушылық кредиттердің өсуі мен бала туу санының төмендеуі арасындағы ықтимал байланысты арнайы зерттеу қажет деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әбенов өз жазбасында 2021 жылдан бері елдегі тұтынушылық кредит көлемі ұлғайып, дүниеге келген балалар саны азайып келе жатқанына назар аударған.

Ол келтірген деректер бойынша, 2021 жылы тұтынушылық кредиттер көлемі 6,1 трлн теңге болса, 2025 жылы 16,7 трлн теңгеге жеткен. Ал осы кезеңде туған балалар саны 445,9 мыңнан 335 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, төрт жылда тұтынушылық кредиттер шамамен 2,7 есе өсіп, дүниеге келген балалар саны шамамен 25 пайызға азайған.

Әбенов бұл көрсеткіштер бала тууға кредиттің тікелей әсерін дәлелдемейтінін атап өтті. Демографиялық шешімдерге табыс, жұмыс, баспана, балабақшаның қолжетімділігі, көші-қон және басқа да факторлар ықпал етеді. Дегенмен ол қарыз жүктемесінің отбасын кеңейту туралы шешімге әсерін ескерусіз қалдыруға болмайды деп есептейді.

Әрине, бала туу тек кредиттен азайды деу дұрыс емес. Демографияға жұмыс, табыс, баспана, балабақша, көші-қон, әйелдердің жұмыспен қамтылуы, отбасылық құндылықтар сияқты көптеген фактор әсер етеді, – деп жазды ол.

Кредиттік демалыс пен ипотеканы өтеуге қолдау

Әбеновтің пікірінше, бала дүниеге келгенде отбасының шығыны артып, ата-ананың бірінің табысы уақытша төмендеуі мүмкін. Бірақ банк алдындағы ай сайынғы міндеттеме өзгермейді. Бұл екінші немесе үшінші баланы жоспарлап отырған отбасылар үшін қосымша қаржылық қиындық туғызады.

Осыған байланысты ол бірнеше тетікті қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда, бірінші бала туғаннан кейін отбасының табысы төмендесе, алты немесе он екі айға кредиттік демалыс беру мүмкіндігін талқылау қажет деп санайды.

Екінші бала дүниеге келгенде ипотеканың негізгі қарызының бір бөлігін мемлекет есебінен өтеу, ал үшінші бала туған кезде қолдау көлемін арттыру ұсынылып отыр. Әбенов мұндай көмекті әсіресе табысы төмен және орташа жас отбасыларға бағыттау керек екенін айтты.

Мен барлық кредитті кешіру керек деп отырған жоқпын. Бірақ мына қағиданы талқылауды ұсынамын: бала дүниеге келген сайын жас отбасының қарыз жүктемесі азаюы керек, – деді ол.

Үкіметке төрт сұрақ

Әбенов ұсыныстың тиімділігін бағалау үшін алдымен нақты зерттеу жүргізу қажет деп есептейді. Ол Үкіметке қарызы бар және қарызы жоқ жас отбасылардың бала туу көрсеткіштері салыстырылды ма деген сұрақ қойды.

Сондай-ақ кредит төлемдері отбасы табысының қанша бөлігін алғанда келесі баланы жоспарлау туралы шешім өзгеретінін анықтауды ұсынды. Бұдан бөлек, бала туған сайын қарыз жүктемесін азайтатын жүйенің бюджетке түсетін құнын және оның демографиялық шешімдерге ықтимал әсерін есептеу қажет екенін жеткізді.

Ол Польша мен Венгриядағы отбасылық кредит бағдарламаларын мысалға келтіріп, Қазақстанға қолайлы тетіктерді мамандар зерделеуі керек деп санайды.

Әбеновтің айтуынша, жас отбасыларға қолдау көрсету – олардың күнделікті қаржылық қиындығын жеңілдетумен қатар, елдің болашақ адами капиталына салынатын инвестиция.

Бала дүниеге келгенде мемлекет отбасыңның аяғынан тұруына көмектеседі» деген сенім керек, – деп түйіндеді ол.