Бала тісі неге басты проблемаға айналып барады? – Маман жауабы

Иә, тіс – адам денінің саулығының басты көрсеткіші. Ежелден-ақ адамның тісіне қарап денсаулығының жай-күйін аңғарған. Біз тілдескен дәрігердің әңгімесінен анық ұққанымыз: тіс саулығына және күтіміне мән беру – адамның күнделікті ұстанатын қағидасына айналуы керек. Әсіресе, біз көтеріп отырған бала тісінің саулығы қашанда маңызды.

Бүгінгі таңда балалар арасында тіс ауруы және тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі сынды түрлі проблема көбейіп кетті. Бала тісінің саулығы үшін ата-ана нені білуі керек? Тіс дәрігері Ерзат Қуандықұлы бала тісінің негізі құрсақта жатқанда қалана бастайды дейді. Сондықтан маман баланың да, баршаның да салауатты өмірінің кепілі – гигиена және гигиена екендігін ескертеді.

– Ерзат Қуандықұлы, біз бүгін балалар тісі және бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге айналып отырған – оның мерзімінен ерте бүлінуі жайында сөз қозғамақпыз. Жалпы тістің адам ағзасындағы орны, атқаратын қызметі қандай?

Тiс дегеніміз – кез келген адам үшін ең көрнекті компонент. Тек тамақ жеу құралы ғана емес, дұрыс сөйлеу үшін, жарқырап күлу үшін де тістің маңызы зор.

Тістің ішінде жүйке жасушалары және қан тамырлары өтіп жатқан дәнекер ұлпа болады. Тiстерді сүт тіс және тұрақты тіс деп бөледі. Тiстердiң қалыпты саны ересек адамда – 32 және соншалықты мiндеттi емес 4 ақыл тiс. Атап айтар болсақ, 8 күрек тіс, 4 ит тiс, 8 кіші азу тіс және 8-12 үлкен азу тістер. Балаларда сүт тiс 3 айдан бастап бір жас шамасы аралығында шығады. Сүт тістер 6-12 жас аралығындағы тұрақты тістерге бiртiндеп алмастырылады. Сүт тiстерiнің жалпы саны 20: 8 күрек тіс, 4 ит тiс және 8 азу тіс. Кейбір адамдарда 32 емес 33 тiс болады. Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.

Тістің атқаратын қызметі тек ас шайнау десек, қатты қателесеміз. Тіс – адамның тұла бойын қамтамасыз ететін негізгі сүйек. Тіспен дұрыс бөлінбеген, шайналмаған, адамның ішке жұтуына ыңғайланбаған тағамның зардабы көп. Тіпті тіс өз қызметін дұрыс атқара алмағанда, мұның соңы қайғылы оқиғаға да әкеп соғуы мүмкін. Тісті үнемі күтіп, жиі емдеткен дұрыс. Себебі, тіс ауруының асқынуы тек сол жерді ғана емес асқазан, жүрек, бүйрек сияқты өзге ағза мүшелерін де зақымдайды.

Соңғы жылдарда дәрігерлерді дабыл қақтырған бала тісінің ерте жастан бүлінуі жиіледі. Бұған экология, ауыз су құрамы, мөлшерден артық тәтті жеу себеп болып отыр. Негізі талап бойынша тісті күніне екі рет тазалау керек.Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, тісті тек тазалап қан қою аздық етуде. Тістің ұзақ қолданыста болуы үшін гигиена мен дұрыс тамақтанған ең абзалы. Сізге бір қызық айтайын, тісті дұрыс күтсеңіз – 100 жылға дейін сақталуы мүмкін.

Тісті жиі емдеткен дұрыс. Себебі, тіс ауруының асқынуы асқазан, жүрек, бүйрек сияқты өзге ағза мүшелеріне де залалын келтіреді.

– Балалар арасындағы тіс ауруының көбейіп кетуі неліктен?

– Қазіргі таңда көп кездесіп жатыр. Олардың ең алғашқы себептерінің бірі – ол дұрыс тамақтанбау. Ауыз қуысы гигенасын дұрыс ұстамау. Анасы жүктілік кезінде де өз-өзін дұрыс күтінбеуі. Анасының жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбау көп әсер етеді. Дұрыс тамақтанбау дегеніміз ол көбінде балалар пайдаланып жүрген түрлі пайдасыз тағамдарды айтамыз. Мысалы, ішетіндері кола, түрлі тәтті сусындар, олардың құрамында тіске зиян көп заттар бар. Ол тағамдардан тіс құртылмаса да, асқазан құртылуы мүмкін. Асқазан сөл бөледі. Оның құрамында қышқылдық көбейіп жатқанда ауыз қуысының түрлі ауруларына әкеліп жатады. Гигенаны дұрыс сақтанбау. Соның әсерінен тіс тез құриды. Сонымен қатар, тістің тісжегі (кариес), ұлпа қабынуы (пульпит), периодонтит, тіс тасы (пародонтит), цементома секілді түрлі ауруы пайда болады.

– Жалпы балалардың тісі қанша этаптан тұрады?

– Біз бұл жағдайда тістің жарып шығу этаптарына қараймыз. Уақытша тістер. Екіншісі, ауыспалы тістер, үшіншісі тұрақты тістер. Уақытша тістер кезінде балаларда 20 тіс болады. Яғни ол алты айдан екі жарым жасқа дейінгі – ең алғашқы тістер жарып шығады. Одан кейінгі екінші этап – ауыспалы тістер. Сүт түстер олар түсе береді. Ол алты жастан 12-13 жасқа дейін. 13 жаста адамда толықтай тұрақты тіс болады. Ақыл тіс болады адамда. Бұл – ең үлкен азу тіс. Ол адамда 12 жастан 30 жасқа дейін шығады.

– Бала тісін емдеуде ең бірінші неге назар аудару керек?

– Біз ең алдымен баланың жасына назар аударамыз. Өйткені бізде ауыспалы тістесу болады. Ауыспалы тістесу кезінде мысалы сүт тістер түсіп, астынан тұрақты тістер шығады. Баланың тісін ерте жұлып тастамау керек. Ерте жұлып тастаған жағдайда орнына қайта тіс шықпай қалуы мүмкін. Сонымен қатар сүт тістерді емдеу кезінде оның астындағы тұрақты тістің негізін, түбірін (зачатка) зақымдап алмауымыз керек. Егер оны зақымдап алсақ, тұрақты тістің қайтып шығуы неғайбыл. Сонымен қатар, баланың тісіне, құрылымына назар аудару керек. Балада ұйықтаған кезде саусағын сорып жату, тырнақты тістеу, қолын бүгіп жақтың астына қойып жату деген сияқты зиянды әрекеттері бар ма, жоқ па – емдеу кезінде кері әсер бермей ме, жалпы осындай жағдайларына да көңіл бөліп, зерттеп аламыз.

– Ата-ана бала тісінің ерте бүлінбеуі үшін қалай, қандай әрекет жасағаны жөн?

– Ең алдымен баланың гигиенасына назар аударып, оның дұрыс тамақтануына ықпал жасауы керек. Жас бала қалай жатады ұйықтағанда, саусақ, тағы басқа заттарды ауыз қуысына салмауын қадағалау қажет. Сонымен қатар, жас өскін балаға қатты заттарды тістетіп үйрету керек. Қатты затты тістеу арқылы жақтың өсу зонасы қатаяды.

Әрине, әрбір ата-ана баланы сау етіп өсіруді армандайды. Ал кішкентай адамның денсаулығы көптеген компоненттерден тұрады және олардың бірі – тіс пен ауыз қуысының денсаулығы. Тісті де ағзаның ең маңызды бөлігі деп қараған ата-ана баланың тістерін тұтас және сау ұстайды, көптеген қиындықтардан аулақ болады. Жас өскін баладағы сау тістер тағамды таза шайнауға және қорыту, сөзді дұрыс айту, сондай-ақ баланың жақсы көңіл күйі мен өзін-өзі жоғары бағалауының кілті болып табылады.

Балада алғашқы тіс пайда болған сәттен бастап күтім жасау керек. Тістер симметриялы, яғни, біркелкі, ақ, тегіс, дақсыз және ақаусыз шығуы керек. Егер бұлай болмаса, тез арада тіс дәрігеріне хабарласқан дұрыс.

Тағы да айтамын: тістерді сақтаудың бірінші және ең маңыздысы – жүйелі ауыз қуысының гигиенасы. Тістерге күтім жасауды бірінші тіс шыққан сәттен бастап жасау керек.

Қазір заман дамыған. Бала үшін де, ата-ана үшін де тісті сақтап қалудың жолдары бар. Соның бірі – ортодонт дәрігерінің кеңесіне тұрақты жүгінген жөн. Баланы міндетті түрде панорамалық фотосуретін түсіріп, ортодонт-дәрігерге көрсетіп тұрған жөн. Бірінші рет – төрт жаста, екіншісі – алты жаста, үшінші рет – 12-14 жаста. Дәл осындай жиілікпен, тұрақты келіп тұрсақ, бала тісінде пайда болған ақауды дер кезінде байқап, емдеу шараларын уақытылы бастауға мүмкіндік болады.

Ата-ана саналы түрде тістің саулығы үшін қандай тағамдардың пайдалы екенін білсе де, бала көңілін қимай, сұраған тәтті мен түрлі химикаты бар қоспаны алып береді. «Әлі-ақ басқа тістер шығады, сүт тістер ғой, бір рет жеп көрсін» деген ұғымнан аулақ болуы керектігін айтар едім. Тіс ағзаның ең қатты және ең төзімдісі. Оның осы құрылымына қарап-ақ өмірде қандай рөл атқаратынын ұққанымыз жөн. Тісі сау бала – көңілді, дені сау бала. Тісі сау адам ұзақ өмір сүреді. Бұл ғылыми дәлелденген тұжырымдар.

Ата-аналарға тағы бір айтатын басты қалжыңсыз кеңесім: баланы бізден (дәрігерден) өздеріңіз қорқытпаңыздар. Сәби кезінен бастап «врачқа апарам», «дәрігер, алып кет, укол сал» деген сыңайда бала санасына травма қалдырудың керегі жоқ. Ақ халат көргеннен жылай беретін балалар бар.

Міне, осындай жағдайлар біздің кәсіби жұмысқа кедергі келтіреді. Баланың бойындағы дәрігерге деген қорқыныш медициналық көмек көрсету кезінде оң нәтижеге жетуге кері әсер етеді. Сондықтан баланың сау тістермен салауатты өмір сүргенін қалаған ата-ана тіс дәрігеріне 2 жастан асқан баласын жылына екі рет тексерілуге әкелуі қажет.

– Өзіңіз айтқандай, заман дамыған. Демек дамыған кезеңде тіс емдеу ісі де жеңілдей түскен шығар?..

– Жо-жоқ! Емдеу ісіндегі жаңашылдық пен технологияның жеңілдегені тіс ауруына дәрі бола алмайды! Дәрігер ретінде неге дабыл қағамыз біз? Көңілді түсіретін тұсы – қоғамда қазіргі таңда тісі сау бала қалмай барады. Бұл дегеніңіз – медицина дамуының көрсеткіші емес, бұл – жалпы адамдардың, ел тұрғындарының дұрыс тамақтанбайтындығының көрсеткіші. Күнделікті не ішіп-жегеніміздің көрінісі. Ал оның ішінде бала тісінің саулығын ерте бастан ойламайтындығымыз деп айтқым келеді.

Менің алдыма келетін он адамның бесеуі – балалар мен жасөспірімдер. Бұрынғы кезде ата-бабамызда неге тіс ауруы проблемасы болмады? Бұл, біріншіден, олардың табиғи өнімдерді тұтынуында. Екіншіден, айран, сүт, құрт – кальцийге өте бай тағамдар. Бұл олардың негізгі ас мәзірі болған. Қазір екі зат алсақ, біреуінде қоспасы артық, біреуінде тәттісі артық. Бала үлкеннен көргенін, үлкеннің бергенін жейді. Тіс дәрігері ретінде газды сусын, қытырлақ картоп (чипсы, кириечки), кептірілген нан және аса тәтті қытырлақ, қатты шоколадтарды балаларға беруге болмайтынын айтып дабыл қағамын. Ата-бабамыздың «Балаңды аясаң – аяма» деген мақалының бала тәрбиесінің барлық тұсында дұрыс екенін ескерсек...

Әрине, маман ретінде көп нәрсе айтқым келеді. Дегенмен, біздің қоғамда, адамда жауапкершілік аз. Бала – ол ата-ананың бет-бейнесі. Не үйретесің, қалай бейімдейсің – солай икемделеді. Балаға ең алдымен гигиеналық тазалықты үйрету керек. Кәдімгідей шегелеп көрсету керек. Әр тамақтан соң ауыз қуысын шайғызып, қолын жуғызып дағдыландыру керек. Ал осы әдетке үйренбесек онда бала тісінің саулығы туралы тіпті де сөз қозғамай-ақ қоялық.

Жасыратыны жоқ, бізде бала тағамы, балаға арналған диета деген түсінік өте аз қалыптасқан (сіз балаға жеке тағам әзірлейсіз бе – жоқ). Ол тіпті жоқ та. Ересек отбасы мүшелеріне дайындалған майлы, қатты, ащы тамақты балаға да береміз. Бұл, әрине, ең алдымен асқазан мен ауыз қуысына, тіс иегіне зақым тигізеді. Сондықтан баланың бөлек тамақтану рационын қалыптастыру керек. Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы екені кез келген адамға айқын дүние.

– Тістің бүлінуінің алдын алатын немесе түрлі зияннан қорғайтын тағам түрлерін айтып өтсеңіз?

– Тіске пайдалы өнімдер: қандай өнімдер тісті күшейтетіні туралы айтатын болсақ, алдымен сүт және ашытылған сүт өнімдері айтылады. Бұл кальцийдің, сонымен қатар калий, магний, А, В, Д витаминдерінің бай қоймасы.

Күніне 60-70 г ірімшік жеу кариестің жақсы алдын алу болып табылады. Бұл бактериялар шығаратын зиянды қышқылдарды жойып, эмальдағы кальций түзілуін арттыруға көмектеседі. Бұл эмаль эрозиясының қаупін азайтады.

Түрлі иогурт пайдасының сыры оның құрамында. Олардың құрамында арнайы бактериялар бар. Осының салдарынан ауыздан жағымсыз иіс шығады.

Сүт пен сүзбеде қызыл иекті нығайтуға көмектесетін казеин, фосфаттар, темір, магний бар.

Қатты көкөністер мен жемістердің де пайдасы зор.

Сәбізде, алмада және қызылшада көптеген дәрумендер, калий, фосфор, фтор, темір, магний және натрий бар. Олар тіс тіндерін қалыпқа келтіруге көмектеседі, яғни олар әдетте қоректік заттармен қамтамасыз етіледі.

Бұл өнімдерді шайнау процесін ауыз қуысына жасалған массаж деп атаймыз. Ол сондай-ақ қызыл иекті күшейтеді және тістердің түбірлері орналасқан сүйек тінінің қабынуы қаупін азайтады. Қатты тағамды шайнаған кезде сілекей бөлінуі белсендіріледі, бұл шырышты қабықтың кебуіне жол бермейді. Тістерді тазалау немесе ауызды шаю оның түбіне жиналған қалдықтыжоюға көмектеседі.

Көкөніс пен біз жалпақ тілмен шөп-шалам деп айтатын ақжелкен, салат, пияз, аскөк, балдыркөкті дұрыс пайдалану керек.

Бұлардың құрамында тістерді нығайтуға арналған витаминдер - B, E, A, C, PP, сондай-ақ кальций, магний, фосфор, темір, магний бар. Сондықтан бұл шөп-шаламдар тіс тінін нығайтуға көмектеседі және қосымша бактерияға қарсы әсерге ие.

Дәнді дақылдар, яғни жаңғақ та өте пайдалы.

Сонымен қатар, таза піскен ет өнімдері, балық өнімдері де тістің саулығына қызмет етеді.

Тіске пайдалы тағамдарды ғана емес, зиянды тағамдарды атап өтейін. Ең бірінші бала тісінің жауы – тәттілер. Мысалға, жабысқақ ирис құрамды конфет жегенде оның қалдығы тіс жақтауында ұзақ тұрады. Эмальдың бетіне ұзақ уақыт жабысып қалады.

Алкогольсіз кез келген сусындар құрамында көп мөлшерде қант болады. Оларды жегеннен кейін ауызды жылы сумен дереу шайған жөн.

Қытырлақ, жабысқақ тағамдар. Бұған әртүрлі тағамдар, вафли, печенье, крекер және чипсы кіреді. Оларды шайнаған кезде эмальды сызып тастау қаупі бар. Бұл, әрине, денедегі ең қатты тін, бірақ оның күші абсолютті емес. Кариозды бактериялар сол сызат арқылы орналасады.

Дәрігер кеңесі: Балалар үшін ауызға салған тағамды ұзақ әрі біркелкі шайнау маңызды. Ол жақ, жақ бұлшықеттері мен тістердің дамуына пайдалы. Әлемдік стомотология дәрігерлері ем алушыларына үнемі қатты көкөністерді, жемістерді көбірек жеуге кеңес береді. Әрбір бөлігін шамамен 20 рет шайнау ұсынылады. Оның пайдасы – тағам асқазанды зақымдамайды және жақ сүйегіне тегін массаж.

– Ерзат Қуандықұлы, бала тісін емдеуде кәсіби екеніңізді білеміз. Дегенмен, дәрігер ретінде сізді таңғалдырған немесе бір оқыс оқиға болды ма тәжірибеңізде?

– Жалпы бізде көбінде балалардың психоэмоционалды жағдайында көп қызықтар кездеседі. Психоэмоционалды жағдай деп балалардың дәрігерге көнуі немесе көнбеуін айтамыз. Оның өзінің 5 этабы болады. Соңғы этап – дәрігерге мүлде көнбейтін бала. Менің өзімде сондай кездесті. 9 жастағы қыз. Ол қыздың жоғарғы жақтағы тісі ісіп ауырған. Тіс мүлде емдеуге жарамайды, тісті жұлу керек. Тісі ісіп тұр. Ассистентіммен бар амалды қолданып көрсек те көнбейді. Әйтеуір қанша уақыт жоғалтып, баланы әрең көндіріп укол салдық. Укол салуын салдық, барлығы жақсы, енді тісті жұлайық десек мүлдем аузына жолатпайды. Бала мүлде көнбейді. Бізге айтқан сөзі: «Ағай, мен тісімді ары қарай өзім-ақ жұла саламын» деген. Анасын шақырдық, анасына да көнбеді. Ақыр соңында баланы шығарып салдық кабинеттен. Бұл жағдайда бізге тек қана баланы наркозбен ұйықтату арқылы ғана жасау ұсынылады. Дегенмен ол соңғы шешімде, былайша амал жоқтықтан немесе аса қиын жағдайда баратын әдіс. Біз ол жағдайға келмедік. Содан екі-үш күннен қыз келіп: «Ағай, мен тісімді өзім қолыммен жұлып тастадым» деп тісін көрсетіп кетті. Бұл бір ұмытылмас оқиға болды.

– Жалпы тіс дәрігері болу деген қорқынышты емес пе?

– Тіс дәрігері болу деген үлкен шыдам, төзім мен ептілікті талап етеді. Осы оқуды оқып, іс жүзінде қолы бармай қорқатындар болады. Дегенмен, қызығушылық, мамандыққа деген махаббатпен ол қорқынышты жеңуге тура келеді. Кәсіби тіс дәрігері болу – тек тісті жұлып қана қоймайды, оның салдары, себебін іздейді. Әсіресе, бала тісін емдеуде бұл аса жауапты дүние. Ойлап қараңызшы, сенің алдыңа жаңа өскін – жасөспірім келеді. Маржандай тісі бар қыз бала келеді. Сен оның тісін одан әрмен жарқыратуға тиіссің. Оның бойына сенім мен сұлулық сыйлауға тиіссің. Сондықтан тіс дәрігері болу – әрі мақтаныш, әрі жауапкершілік, әрі тамаша қызмет дегім келеді.

– Ерзат Қуандықұлы, бала тісін күтіп-баптау барысында бірқатар тәжірибеңізбен бөліскеніңізге көп рахмет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы