Балаң терезеден құлап кетпесін!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл сайын күн жылына бастағанда көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен балалардың құлау фактісінің орын алатыны ерекше алаңдаушылық туғызады.

Терезеден абайсызда құлау қаупі бар, ересектердің бақылауынан тыс қалатындар көбінесе 1 жастан 6 жасқа дейінгі сәбилер.

Жыл басынан бері Жамбыл облысында жазатайым терезеден құлаған 4 оқиға орын алып, балалар дене жарақаттарын алды.

Балалардың ата-ана бақылауынсыз қалуы, терезелердің темірмен қоршалмауы, москитті тордың осал бекітілуі және балалардың терезе алдында ойнауы терезеден құлаудың басты себептері. Балалар қауіпсіздігін сақтау, терезеден құлау жағдайын болдырмау, алдын алу мақсатында халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар жарық көруде, - дейді Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаев.

Көпқабатты үйлердің подъездерінің есіктеріне балалардың терезеден құлауын болдырмау мақсатындағы жадынамалар ілінді.

Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің терезелеріне балаларды қорғайтын арнайы құралдарды орнату жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:

- терезелерді ашық қалдырмаңыз;

- баланы қараусыз қалдырмаңыз;

- тиісті қорғағышы жоқ москит торын пайдаланбаңыз;

- терезелерге бекіткіштерді орнатыңыз (блокираторлар немесе терезе құлыптары);

- терезенің маңына жиһаз қоймаңыз.

Абай болыңыз және сақ болыңыз! Есіңізде болсын, балалардың үйдегі қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-аналар жауап береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы