Бала тәрбиесіне кім жауапты, ата-ана ма, мектеп пе?

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектепте болып жатқан оқыс оқиғаларға, балалардың бір-бірін аяусыз ұрып-жығуы жайлы көзқарасын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жерде ең бастысы – жауапкершілік мәселесі. Яғни Оқу-ағарту министрлігі болсын, жергілікті жердегі білім басқармалары болсын анда-мұнда сілтемей, өз деңгейлерінде не істей алатынын, яғни жауапкершілікті нақты бөлісіп, жұмыс істеуі керек. Екінші мәселе – қазір білім басқармалары басшыларын облыс әкімдері тағайындайды. Кей жағдайда оған Оқу-ағарту министрлігі келісім береді. Бірақ бермеген жағдайда да олар Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке жүгініп, өздері тағайындай береді. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі білім басқармаларын тағайындауға тікелей қалысуы керек деп ойлаймын. Өйткені өздері тікелей бұйрық береді. Аудандық білім басқармаларын айтпаймын, бірақ облыстық білім басқармалары басшысын тағайындауда Оқу-ағарту министрлігіне құзырет беру керек деп ойлаймын, - деді депутат.

Сонымен қатар Сүлейменова мектептегі тәрбие мәселесіне тоқталды.

Кеңес одағы кезеңінен тәрбие идеологияның бір құралы болып келді. Ол тәрбиеде формалды, науқанды шаралар көп болды. Бірақ сол кезде идеология мықты болғандықтан ол көрінбей кетті. Сол кезеңде академиялық білім мазмұны да мықты болды. Қазір уақыт өзгеріп келе жатыр. Күн сайын әртүрлі трендтер пайда болып, технология дамып жатқанын көріп отырмыз. Уақыт, жалпы білімнің мазмұны өзгеріп жатыр. Тәрбие – ол білімнің құрамдас мазмұны. Біз тәрбиені тек қана шараларға байлап қоя алмаймыз. Тәрбие – құндылық арқылы жүзеге асырылатын кешенді, терең, мазмұнды дүние. Құндылықтар сабақта, сабақтан тыс уақытта, үйде, мектептен тыс уақытта, отбасында, қоғамда жүзеге асырылады. Кейде біз осыны ойдан шығарып аламыз, - деді мәжілісмен.

Жұлдыз Сүлейменова Жүсіпбек Аймауытовтар айтып кеткен ұлттық педагогиканы, әдістемені әлі де мектепке енгізуде кеш келе жатқанымызды айтты. Депутат осы мәселені қайта қарау керегін көтерді.

Қазір «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес әзірленді. Мен оны қарап, өз ұсыныстарымды енгіздім. Егер осы бағдарлама енгізілсе, қатыгездік, бір-бірін аяусыз ұрып-соғу доғарылатын. Неге? Өйткені бұған дейін мектептегі мұғалімдер «мен сабақ беремін, сабақтан тыс уақыттағы тәрбиеге сіздің сынып жетекшіңіз жауапты» деп келді. Енді баланың тәрбиесіне мектептен бөлек, отбасында ата-ананың міндеті екенін ашық айтуымыз керек. Бала тәртіпсіз бе, онда ата-анасының жауапкершілігі нақты қарастырылуы керек. Ата-ананың жауапкершілігінен кейін ғана сабақ барысындағы мұғалімнің тәрбиені жүзеге асырудағы орны қарастырылуы тиіс. Мұғалім академиялық, теориялық біліммен қатар, сабағында тәрбиені беруге міндетті, - деп түсіндірді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы