Бала құқығын қорғау бойынша күніне 500-ге жуық өтініш түседі - Зәкиева
Астана қаласында бала құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі сессиядан тұрған кездесудің алғашқысында балалар қауіпсіздігі мәселелері, екінші сессияда әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және инклюзивті білім беру мәселелері қаралды.
Тамара Дүйсенова балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Мемлекет тарапынан балалардың құқығын қорғау мақсатында түрлі іс-шара атқарылып жатыр. Елімізде 6.8 млн астам бала бар. Әр сағат сайын мыңнан астам бала дүние есігін ашады. Соңғы кездері айтып жүргенімдей, елімізде халық санының 80%-ын жастар алып жатыр. Бала құқықтары жөніндегі орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасыдан шықан балаларға, қараусыз қалған балаларға көмек көрсетіп, қолдау білдіріліп келеді. Денсаулық сақтау басқармасы мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығына назар аударып, көмек көрсетуде, - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева келеңсіз оқиға орын алған жағдайда, «111» нөміріне хабарласуға болатынын атап өтті.
Келеңсіз жағдай орын алғанда, балалар құқығы бұзылған сәтте ата-аналар қайда хабарлауға болатынын білмей жатады. Сол себептен байланыс телефондарының маңызы өте зор. Біз халықаралық тәжірибені зерттей келе, сенім телефонын іске қостық. Қазіргі уақытта күніне 500-ге жуық өтініш келіп түседі. Бүгінгі таңда бұл байланыс орталығы барлық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, полиция департаменттерімен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін 1414 нөміріне хабарласуға болатын еді, - дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева.