Бала күтіміне төленетін жәрдемақы мерзімі ұзартыла ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзіміне қатысты мәселені түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылы бала күтіміне байланысты жәрдемақы мерзімін 1,5 жылдан ұзарту ұсыныстары қарастырылып жатыр ма? – деп редакциямыз министрлікке ресми сауал жолдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, 1,5 жасқа толғанға дейін баланың күтіміне байланысты ай айынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу мерзімі 2023 жылғы қаңтардан бастап бір жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылған болатын.
Бала күтімі бойынша жәрдемақыны төлеу мерзімін ұзарту республикалық бюджеттен қосымша қаражатты талап етеді. Әлеуметтік кепілдіктер аясын одан әрі кеңейту, оның ішінде балалы отбасыларды қолдау жүйесін дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, - делінген ведомствоның ресми жауабында.