Бала күтімін шетелдік тәрбиешіге тапсыратын ата-ана көбейген
Кейінгі жылдары елімізде баласына шетелден тәрбиеші жалдайтын ата-аналар көбейді. Әсіресе, Таиланд пен филиппиндік күтушілерге сұраныс жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ Jibek joly арнасына сілтеме жасап.
Қазір тіпті осы елдерден келгендерді іріктеп, арнайы оқудан өткізетін агенттіктер құрылған. Онда баланы мектепке апарып, үйірмелерге таситын күтушілерден бастап, тіл үйретіп, сабақ оқытатын тәрбиешілерге дейін табуға болады.
Мәселен, филиппиндік Шерил Бандианның Қазақастанға келгеніне бір ай болған. Бұған дейін Кувейтте бала күтуші болған. Ол енді қазақ отбасында жұмыс істейді. 4 жасар Алиханды балабақшаға алып барады, тамағын әзірлейді. Логикалық ойлауын дамытатын ойындарды ойнатып, тіл үйретуге де көңіл бөледі.
Өз елімде сауда үйінде сатушы болдым. Таңнан кешке дейін тынбай жұмыс істеп, 100 доллар ғана табатынмын. Сол кездері Кувейтте бала күтушісі болып жұмыс істейтін құрбыларым айына 400 доллар алатынын айтқан. Өзім бала баққанды жақсы көремін. Ақысы да жақсы екен. Неге көрмеске дедім, - дейді Шерил Бандиан.
Алиханның анасы Жібек баласының аз уақытта Шерилге бауыр басып қалғанын айтады. Жолдасы екеуі күні бойы жұмыста. Үй тірлігінің бәрін Шерил атқарады. Ал оған дейін бала күтуші мен аспазды бөлек жалдап, екі есе көп ақы төлеген.
Балаға қарайды, үй шаруасының бәрін жасайды. Кешке жұмыстан келгенде тамақ пісіріп қояды. Мысалы, біз аспазшы мен бала күтушіні жалдасақ, тек қана бала күтушіге 300-400 мың кетеді. Ал Филиппин бала күтушісі 450 мың алады. Бірақ соның ішіне бәрі кіреді. Үй жинау, тамақ пісіру, бала тәрбиесі секілді міндеттер, - дейді Жібек Құсайынова.
Жібек Шеррилді агенттік арқылы тапқан. Қазір онда 100-ден астам филиппиндік бала күтушісі жұмыс істейді. Агенттіктің негізін қалаушы Светлана Грамстың айтуынша, шетелден келген тәрбиешілерге Қазақстаннан жұмыс бірден табылады. Өйткені баласының жастайынан бірнеше тілді тең меңгергенін қалайтын ата-аналар көп.
Бізге эстрада жұлдыздары мен блогерлер жиі келеді. Филиппиндік тәрбиешілердің қазақ, орыс тілін білмейтіні олар үшін тағы бір артықшылық. Яғни шетелдіктерді жұмысқа алу арқылы елге белгілі азаматтар жеке өмірлерін құпия сақтай алады. Бірақ бұл шетелдік тәрбиешілерді ауқатты отбасылар ғана жалдайды деген сөз емес. Біздің көмекке жүгінетіндердің арасында қарапайым азаматтар да көп, - дейді Светлана Грамс.
Светлана бала күтушілер агенттігін осыдан 10 жыл бұрын ашқан. Сөзінше, сол уақытта жұмысты бірнеше ғана филиппиндік қыз-келіншекпен бастаған. Кейін олар жерлестеріне Қазақстанда Филиппинге қарағанда 5 есе көп еңбекақы төлейтінін айтып, ірі агенттік құрған.
Филиппиндік бала күтушілеріне 800-1200 доллар аралығында төлейміз. Оларға қойылатын басты талап – кемі 3 жылдық еңбек өтілінің болуы. Сондай-ақ, жасы 50-ден аспауы керек, - деп түсіндірді ол.
Қазір елімізде Светлана Грамстың орталығынан басқа филиппиндіктер мен тайландтықтарға қазақ отбасынан жұмыс табатын 4 агенттік бар. Әрқайсында 50-ден астам тәрбиеші тіркелген. Ал жалпы, Қазақстанда 192 филиппин және 336 тайланд азаматы еңбек етіп жүр. Көбісі құрылыс және IT салаларында жұмыс істейді.