Бала дәрігерлері COVID-19-ға қарсы екпе алды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының медицина қызметкерлері вакцинацияның екінші компонентін алды. 

Естеріңізге сала кетейік, 1 ақпанда Қазақстанда COVID-19 коронавирустық инфекциясынан ерікті түрдегі вакцинациялау науқаны басталды. 

Біз басқа медициналық ұйымдар сияқты COVID-19 пандемиясы кезінде жұмыс істейміз. Бұл барлық медицина қызметкері үшін, тіпті ковид анықталған пациенттермен тікелей байланыста болмағандар үшін де қауіпті. Дәрігер қабылдауына келген кез келген адам коронавируспен ауыруы мүмкін. Сондай-ақ сіз жұмыстан басқа да кез келген жерде жұқтыруыңыз мүмкін. Өкінішке қарай бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай осындай. Сондықтан біз клиника қызметкерлерін коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті вакцинациялауды бастадық. Егу алдында дәрігерлер тексеруден өтті, вакцинациядан кейін жарты сағат өткен соң оларды эпидемиолог дәрігер қайта тексерді. Біз әрбір қызметкер үшін алаңдаймыз және клиникада жұқтырудың алдын алу бойынша барлық санитарлық норманың сақталуын қатаң бақылауда ұстаймыз, - дейді басқарма төрайымының орынбасары Лязат Манжуова.

Ол бірінші кезекте жұқпалы аурулар клиникаларының, көпбейінді стационарлардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек, санитарлық эпидемиологиялық, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің мамандары вакцинациялауға жататынын еске салды. 

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының медицина қызметкерлері №17 қалалық емханада екпе алды.

Вакцинация туралы жарияланғаннан кейін мен бірінші болып тіркеліп, екпе алдым. Бәрі жақсы өтті. Менде жағымсыз реакциялар болған жоқ. Бірақ мен кез келген вакцинацияға реакция болуы керек екенін атап өткім келеді. Оның әсер етуі иммунитетке, дененің сипаттамаларына байланысты әр адамға әртүрлі әсер етеді. Менде жеңіл бас айналу, жүрек айну, тәбеттің өзгеруі, ұйқышылдық болды. Температура көтерілмеді. Мен барша қауымды қорықпауға және вакцина алуға шақырамын. Біз тек осылайша вакцина алып, жаппай иммунитет қалыптастырып, пандемияны тоқтата аламыз және бұрынғы қалыпты өмірімізге орала аламыз, - дейді Педиатрия орталығының анестезиолог маманы Гүлжахан Абдулаева. 

Вакцинациялау вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдығы бар, анамнезінде ауыр аллергиялық реакциялары бар адамдарға, жүкті әйелдерге және бала емізу кезеңіндегі әйелдерге, 18 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан адамдарға (тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы деректердің болмауына байланысты) тыйым салынады. 

Сонымен қатар препаратты бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, қант диабеті, қан түзу жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және орталық жүйке жүйесінің басқа аурулары, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, бастапқы және қайталама иммундық тапшылық, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, демікпе және созылмалы обструктивті өкпе аурулары, қатерлі ісік, оның ішінде қатерлі қан аурулары болған кезде сақтықпен қолданылуы керек. 

Дәрігер эпидемиолог ретінде КВИ-ға қарсы профилактикалық екпелермен халықты қамтудың қажетті деңгейіне қол жеткізу ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және инфекцияның таралуын болдырмауға мүмкіндік береді деп санаймын. Пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы – арнайы вакциналармен иммундау. 

Біздің орталықтың қызметкерлері вакцинация алды, ерекше реакциялар болған жоқ, барлығының денсаулығы қалыпты. Бірақ әр түрлі реакциялар кез келген вакцинадан кейін болатындығын атап өткен жөн. Біз вакцинация алған барлық қызметкерлерді қадағалаймыз. Қазіргі таңда кері әсер берген жағдай тіркелген жоқ, - дейді мекеменің эпидемиологы Жанна Тынысбекова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы