Бала баққан әкелер зейнетақысыз қалмайды: Аймағамбетов не өзгеретінін түсіндірді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек және әлеуметтік заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер аясында әкелердің, соның ішінде бала күтімімен отырған ер азаматтардың құқықтары кеңейтілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы нормаларда бала күтімімен отырған аналардың құқықтары белгілі бір деңгейде қорғалса, дәл осындай жағдайда отырған әкелер, әсіресе жалғызбасты әкелер, жеткілікті деңгейде қамтылмай отыр. Бұл, ең алдымен, олардың зейнетақы жүйесіне қатысуына тікелей әсер етеді.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бүгінгі таңда бала күтімімен отырған уақыт еңбек өтілі ретінде көбіне аналарға ғана есептеледі. Ал жұмыс істемейтін немесе балаға қарауға мәжбүр болған әкелер үшін бұл кезең зейнетақы есептеу кезінде еңбек өтіліне қосылмайды. Соның салдарынан олар зейнеткерлік жасқа жеткенде қаржылық қиындықтарға тап болады.

Бала күтімімен отырған уақыт адамның жынысына байланысты бөлінбеуі керек. Ол – әйел болсын, ер адам болсын, бәрінің құқығы бірдей. Бұл – Конституцияға сай келетін ұстаным, – деді депутат.

Осыған байланысты депутаттар бастамасымен заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылған. Аталған өзгерістерге сәйкес, бала күтімімен отырған уақыт әйелдер үшін де, ер азаматтар үшін де бірдей түрде еңбек өтілі ретінде есептелуі тиіс.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, оның ішінде жалғызбасты әкелерге де, икемді жұмыс кестесін ұсыну мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұған дейін мұндай құқықтар көбіне тек аналарға ғана қарастырылып келген, ал әкелердің дәл осындай мүмкіндіктерден шет қалуы азаматтардың тең құқығын шектеу.

Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдау шаралары да аналар мен әкелерге бірдей қолжетімді болуы тиіс. Мысалы, жалғызбасты аналарға баспана кезегіне тұру секілді мүмкіндіктер берілсе, дәл осындай құқықтар жалғызбасты әкелерге де қарастырылуы қажет, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бұл мәселе бойынша Конституциялық сот та өз ұстанымын білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістердің құқықтық тұрғыдан орынды екенін атап өткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы