Балқашта инватакси тегін қызмет көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш қалалық мүгедектер қоғамы мамандандырылған "Инватакси" автомобилін сатып алды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін осындай жаңа жылдық сыйлықты Халық банк мен "Халық" жеке қайырымдылық қоры жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қалада бүгінгі таңда 3860 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 100-ден астамы арнайы автокөлік арқылы тасымалдау қызметіне мұқтаж. Ұзақ уақыт бойы бұл мәселе проблемалы болды. Тасымалдау бойынша қызметтер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаражаты есебінен жүзеге асырылды. 2019 жылы бұл мақсатқа 3 млн 600 мың теңге бөлінді. 2020 жылы қаржыландыру көлемі 35%-ға артты, – деді Балқаш әкімі Ораз Таурбеков.

Балқаш қалалық Халық банкі филиалының директоры Александра Аглюкова «Балқаш қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Клара Жақыпбаеваға арнайы автокөліктің кілтін табыс етті. Машина арнайы көтергіш құрылғыларымен жабдықталған.

Инватакси жолаушыларды баратын жеріне дейін тегін тасымалдайтын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы