Бакуде қазақтың киіз үйі орнатылды

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын мерекелеу аясында Баку қаласының Теңіз жағасындағы бульварында қазақтың киіз үйі орнатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Киіз үйде «Welcome to KZ» ақпараттық-туристік орталығы ашылып, екі көрменің өткізілуі жоспарланып отыр. 

Тұрақты көрме: Қазақстанның көрікті жерлері туралы стендтер – «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты (Алматы), «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қыран» сұңқармен аң аулау орталығы (тірі сұңқар және сұңқармен аң аулаудың виртуалды әлемі бар), «Esentai Mall» сауда және ойын-сауық орталығы (Алматы қ.), «Эйр Астана» компаниясының туристік бағыттары; 

Апта сайын өзгеріп отыратын көрме: Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Түркістан және Маңғыстау облыстары өздерінің туристік әлеуетін көрсетіп, мәдени, концерттік және ойын-сауық бағдарламаларын өткізетін болады.

Көрмеге келушілер қазақтың салт-дәстүрімен танысып, бейнероликтер тамашалау, әуен тыңдап, Ұлы дала елінің ұлттық тағамдарынан дәм тату, ежелгі көшпенділер әлеміне еніп, кәдесыйлар алу мүмкіндігіне ие болады.

Іс-шаралар Қазақстан елшілігінің, «Discover Almaty» туристік компаниясының, «Эйр Астана» әуе компаниясының және Қазақстанның Әзербайжандағы Сауда үйінің қолдауымен өтіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы