Бакуде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық мүмкіндіктері қарастырылды

Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел мен Әзербайжанның Ауыл шаруашылығы министрі Меджнун Мамедовтың кездесуінде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар екі елдің қажеттіліктері туралы ақпарат алмасу арқылы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің тауар айналымын ұлғайту мәселелерін қарастырды. Осы тұрғыда әңгімелесушілер ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жұмыс тобының құрылуын оң бағалады.

Ә. Байел Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық мүмкіндіктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы басым жобалар туралы қысқаша айтып берді. Дипломат Қазақстан тарапының Әзербайжанның Қарабақ экономикалық ауданында бірлескен өндірісті ұйымдастыруға қызығушылық танытып отырғанын да атап өтті.

Өз кезегінде М. Мамедов Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара іс-қимылды барлық салаларда дамытуға мүмкіндік беретін тығыз бауырластық қарым-қатынастарды атап өтіп, Әзербайжанның Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Бұдан басқа, тараптар Елшілік алаңында агроөнеркәсіптік кешен өндірушілерінің, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастықтарының мүдделі өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізуге келісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы