Бакуда екі бауырлас елдің ынтымақтастығын нығайту жолдары талқыланды
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар жан-жақты қазақ-әзербайжан қатынастарының даму динамикасын талқылады.
Атап айтқанда, сұхбаттасушылар екі бауырлас елдің парламентаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың, сондай-ақ ТүркПА сияқты көпжақты алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Сұхбат барысында Сахиба Гафарова Мемлекет басшылары арасындағы сенімді диалогтың маңыздылығына назар аударып, ең жоғары және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар бауырластық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін тілге тиек етті.
Парламент Төрайымы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстан дипөкілдігінің роліне де назар аударды. Осы ретте С. Гафарова 2023 жылдың желтоқсанында Әзербайжанда өткен Қазақстанның мәдениет күндерінің ұйымдастырудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Өз кезегінде Ә. Байел Қазақстан мен Әзербайжанның бірге екі ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін үлкен маңызы бар бірқатар ірі экономикалық жобаларды іске асырып жатқанын атап айтты. Сонымен қатар, Елші 7 ақпанға жоспарланған президенттік сайлау бауырлас Әзербайжанның одан әрі дамуына негіз болады деген үмітін білдірді.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың екіжақты қарым-қатынастардың маңызды өлшемі екенін айтып, таяу болашаққа арналған бірқатар нақты іс-шаралар мен бастамаларды талқылады. Сұхбаттасушылар, сондай-ақ, өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақ дипломаты Әзербайжан Парламенті Халықаралық қатынастар және парламентаралық байланыстар комитетінің Төрағасы Самед Сеидовпен де кездесті. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты.