BaiQymyz-2026 фестивалында «Заң мен тәртіп» акциясы өтті
Фестиваль қонақтарына қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік талаптары және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі аясында «Заң мен тәртіп» ақпараттық-профилактикалық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі күн бойы құқық қорғау органдарының қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, фестиваль қонақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Келушілерге қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттігі ескертіліп, интернет-алаяқтықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы ақпарат беріліп жатыр.
Акция барысында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр. Қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылып, олардың сұрақтарына жауап беріліп, әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен өзара құрметтің маңызы түсіндірілді.
Фестиваль алаңында ұйымдастырылған «Заң мен тәртіп» акциясы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.