BAIQONYR халықаралық кинофестивалі басталды
Фестиваль жылдың көптен күткен премьераларының бірі – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржылай қолдауымен Aray Media Group компаниясы түсірген режиссері Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» кинотуындысымен ашылды.
Фестиваль бағдарламасына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдау көрсеткен тағы төрт фильм енді. Ұлттық байқауға Бегалы Шибікеевтің «Құс» қысқаметражды фильмі, ал Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туындысы анимациялық байқауға қатысады. Ал тағы екі картина конкурстан тыс бағдарлама аясында көрсетіледі: олар режиссер-аниматор Иван Ардашовтың «Кенже қыз» анимациялық сериалы және Generation секциясында Берлин Халықаралық кинофестивалінің Гран-при иегері Фархат Шәріповтың «Схема» атты фильмі. Бұл фильмдер көрерменге ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының форумы барысында көрсетіледі.
Форум серіктестері – AlmaU Медиа және кино мектебі және Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы. Олар фестиваль барысында жыл сайынғы «Сыншылар таңдауы» сыйлығын табыстайды.
«Қазақстан киносыншылар қауымдастығы 2015 жылы құрылды. Оның құрамында 16 отандық киносыншы мен кинотанушы бар. Биыл «Сыншылар таңдауы» сыйлығы 2020-2021 жылдары шығарылған қазақстандық фильмдерге 13 номинация бойынша беріледі, себебі пандемияға байланысты сыйлық бір жыл берілмеді», – дейді Қауымдастық президенті, өнертану докторы Гүлнар Әбікеева.
Фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысуға барлығы 306 киножоба үміткер болды. Оның ішінде бағдарламалық қызмет жеті елден: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения және Ресейден 48 фильмді іріктеп алды. Үш конкурста – халықаралық, ұлттық және анимациялық байқауларда ұсынылған картиналарды беделді киносарапшылардан құралған қазылар алқасының үш командасы бағалайды. Халықаралық байқаудың қазылар алқасын Гүлнар Әбікеева басқарады. Ұлттық байқаудың қазылар алқасының төрағасы Саха республикасының танымал режиссері Эдуард Новиков. Ал Анимациялық байқаудың қазылар алқасының жұмысын Батумидегі (Грузия) Tofuzi Халықаралық анимация фестивалінің директоры Зураб Диасамидзе басқарады.
«Биыл фестиваль бағдарламасына атақты кинотанушылардың дәрістері мен белгілі режиссердің шеберлік сабағын енгіздік. Сарапшыларымыз күн сайын байқау бағдарламасының фильмдерін, сондай-ақ «Қантар» секілді арнайы бағдарламасына енгізілген конкурстан тыс көрсетілетін фильмдерді талқылайды», – дейді кинофестиваль президенті Әнуар Кенжебаев.
Фестивальге биыл Қырғызстаннан «Экспедиция» қозғалысының өкілдері келеді. Бұл қозғалыс өз елінің бүгінгі өмірі туралы қысқаметражды фильмдер түсіретін 50-ге жуық режиссерді біріктіреді.
«Байқоңыр» 11 қыркүйекте Дарежан Өмірбаевтың «Соңғы сеанс» атты фильмінің көрсетілімімен аяқталады. Фильмнің әлемдік премьерасы Локарнодағы (Швейцария) 75-ші мерейтойлық фестивальде өтті.