Кәсіби спорт клубтарын бизнесмендерге беру керек – Бақтияр Артаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев кәсіби спорт клубтарын бизнесмендерге беріп, бюджет қаржысын бұқаралық спортқа жұмсау керегін айтты. 

Жақында «Астана» кәсіби президенттік клубы тарайды деген ақпарат шыққан. Бақтияр Артаев осы клубты құрушылардың бірі ретінде өзінің пікірін білдірді. 

Шын мәнінде «Астана» кәсіби президенттік клубының алғашқы директоры болғанмын. Ең бірінші, осы клубтың қаулысы, жарғысы, ережесі, жұмыс істеу тәртібі - бәрін өзіміз әзірледік. Болашақта клубтардың тиімділігін арттыру бойынша да бизнес-жоспар құрғанбыз. Майкл есімді Олимпиада ойындары мен «Coca-Cola» секілді өнімдердің тиімділін жасап шығарған ағылшын менеджерін шақырып, кеңес алғанбыз. Испаниядағы «Реал», «Барселона» клубтары секілді өз-өзін ақтайтын, кәсіби қауымдастық ретінде жасамақшы болғанбыз. Атрибуткасын, логотипін дайындағанбыз. Ол жерде 2,5 жыл еңбек еттім. Сосын Англияға оқуға кетіп қалдым. Осы уақыт аралығында біраз жұмыс атқарылды, – дейді Олимпиада чемпионы ОКҚ-да өткен брифингте.

Сонымен қатар, ол мұндай клубтарды жеке кәсіпкерлерге беру керек деп отыр. 

Қазір «Астана» кәсіби президенттік клубы тарқатылып, жабылады деген ақпарат шықты. Мен бір жыл осы «Астана» клубына қарасты «Астана арландары» бокс клубының директоры болғанмын. Ол команда тарқатылды. Енді «Астана» кәсіби президенттік клубының өзі де жұмысын тоқтатады. Оның құрамындағы өзге хоккей, футбол, баскетбол командалары «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан өзге демеушілерден жеке-жеке қаржыландырылатын болады. Бұрынғы жүйеге көшіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамаша айтты. Яғни, кәсіби спортты қаржыландыруды тоқтата тұрып, бұқаралық спортқа көңіл бөлу керек. Бұл - дұрыс шешім. Оның жарқын мысалы ретінде Алматыдағы «Қайрат» футбол клубын айтуға болады. Бұл клубты Қайрат Боранбаев есімді кәсіпкер өзі қаржыландырып отыр. Өзіндік жүйесі бар. Ішінде академия, базасы, бәрі бар. Кәсіби спорт клубтарын бизнесмендерге беру керек. Ал мемлекеттің ақшасын бұқаралық спортты дамытуға және спорт кешендерін салуға жұмсау қажет, - дейді Бақтияр Артаев. 

Айта кетейік, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы 2012 жылы құрылған. Оның құрамында Pro Team Astana велокомандасы, баскетбол мен футбол клубтары, «Барыс» хоккей клубы бар болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы