Бахрейнде дрон шабуылынан зардап шеккендер саны 32 адамға жетті
Елдің орталық бөлігіндегі жағалауда орналасқан Ситра қаласына соққы жасалды.
Иранның Бахрейн аумағына жасаған дрон соққысынан зардап шеккендер саны 32 адамға дейін өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu Ajansı агенттігіне сілтеме жасап.
Бахрейннің Денсаулық сақтау министрлігі 9 наурыз, дүйсенбі күні таратқан мәліметке сәйкес, олардың төртеуінің жағдайы ауыр.
Бахрейн Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ұшқышсыз ұшу аппараттарының жағалаудағы Ситра қаласына жасаған шабуылы салдарынан көптеген тұрғын үйге зақым келген.
Сонымен қатар Бахрейннің мемлекеттік мұнай-газ компаниясы Bapco Energies 9 наурыз күні Таяу Шығыста жалғасып жатқан аймақтық қақтығыс пен мұнай өңдеу кешеніне жасалған соңғы шабуылға байланысты форс-мажор жариялағанын мәлімдеді.
Еске салайық, 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға қарсы шабуылдарын ядролық келіссөздер жалғасып жатқан кезеңде бастаған.
Бұған жауап ретінде Иран Израильге, сондай-ақ аймақта АҚШ әскери базалары орналасқан бірқатар елге, ең алдымен Катар, БАӘ және Бахрейнге соққы жасаған.
АҚШ пен Израильдің соққылары салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапқан.