Бахаргүл Төлеген: Мәслихатқа мансап үшін емес, халық үшін барамын
Елордалық мәслихат депутаттығына сайлауалды күрес қызу жүріп жатыр. Ең белсенді үміткерлердің бірі – Есіл ауданының 9-округі бойынша ұсынылып отырған кәсіпкер, меценат және қоғам қайраткері Бахаргүл Төлеген, деп жазады BAQ.KZ.
Бізге берген сұхбатында үміткер жергілікті тұрғындар, бәсекелестер, әлеуметтік желі қолданушылары қоятын ең өткір сұрақтарға жауап берді.
– Іскер әйел, меценат, қоғам қайраткері ретінде есіміңіз онсызда елге таныс. Саясатқа не мақсатпен бара жатырсыз?
– Мен мемлекеттен ешқандай қолдау алмай, бизнесімді нөлден бастап, өз күшіммен көтердім. Мен үшін бұл зор мақтаныш. Өзімді және отбасымды қамтамасыз еттім, тұрақты табысым бар. Енді мен қоғамға пайдам тисе деймін. Бұл бос ұран емес. Көптеген мәселе жылдар бойы шешімін таппай келеді. Бұрынғы депутаттар үнсіз немесе ықпал етуге жігерсіз болды.
Мен саясатқа, мәслихат депутаттығына билік пен мансап үшін бара жатқан жоқпын. Мен азаматтардың мүддесін қорғап, халықтың жан айқайын естір құлаққа жеткізу үшін барамын. Қол қусырып қарап отыруға болмайды. Халық өзгерісті қалайды. Мен де оған дайынмын.
– Сіз үшін депутат деген кім?
– Көпшілік депутат болу мәртебе, үлкен ақша мен мансап деп қателеседі. Мәслихат депутаттары тіпті жалақы да алмайды. Әрине, депутаттығын тиімді таныстық орнатып, жеке мәселесі үшін пайдаланатындар аз емес. Ондайлар сайланып алып, сайлаушыларын ұмытып кетеді. Жаңа Қазақстанда оларға орын жоқ. Қандайда бір депутат халық сенімін ақтамай жатса, бір жылдан кейін мандатын тартып алуға болады. Бұл – мәслихаттағылардың округ тұрғындарымен үнемі байланыста болуын қамтамасыз ететін тың өзгеріс.
Депутат – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Сондықтан қала мен округтің мәселелерін біліп, бүкпесіз ашық көтере білуі керек. Жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр, ал коммуникациялар мен инженерлік желілер қарастырылмаған. Бұған кім кінәлі? Әрине жергілікті шенеуніктер. Оған жол беріп отырған кім? Бұрынғы депутаттар.
Жалпы, депутаттар қаламыздың өміріне қатысты барлық маңызды шешімдерге ықпал ете алады. Мәслихаттың бекітуінсіз әкімдік әрекет ете алмайды. Бірақ ол үшін мәслихатқа «тура биде туған жоқ» дейтін шыншыл депутаттар қажет. Өз басым осындай жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын. Мен бастаған ісімді аяғына дейін жеткізетін адаммын.
– Сайлаушыларыңыздың сеніміне ие болу үшін қандай бағдарламамен шықтыңыз?
– Әрине, ұлттық құндылық, мәдени даму, өнерпаз жастарды қолдау, әр тұрғынға қолжетімді мәдени нысандарды көптеп ашу сияқты рухани маңызы бар мәселелерді көтеруден ешқашан жалықпаймын.
Бірақ сайлауалды бағдарламамда тұрғындарды мазалаған барлық түйткілді тақырыптарды қамтуға тырыстым: әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері басты назарда. Себебі елорда тұрғындары жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Мен жүйесіз салынған нысандармен, жауапсыз құрылысшылармен күресемін. Мәслихат мінберінен елорда құрылысының жаңа ережесін қабылдауды талап етемін. Елорда төрінде тұрып, жылу, су, интернет, кәріз жүйесі сияқты қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз ете алмаса, ондай құрылысқа рұқсат бермеу керек!
Одан бөлек, көк түтінге тұншыққан Астананы тезірек газдандыру, экологиялық ахуалын жақсартып, саябақтар мен саяжайларды көптеп салу тақырыбын да қамтыдым. Балабақша, мектеп пен емхана құрылысы сияқты әлеуметтік маңызды мәселелер де менің назарымнан тыс емес.
Әлеуметтік осал топтарға да қамқорлық қажет. Оларға қолдау көрсетіп қана қоймай, еңбекке баулу тетіктерін ойластыру керек. Өз басым аз қамтылған отбасыларға, Аналар үйіне қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын. Сондықтан аумағымыздағы бизнес тетіктерін көпбалалы отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау қорын құруға жұмылдыру – менің сайлауалды бағдарламамның маңызды бөлігі.
9-округ – әл-ауқаты қарама-қайшы аймақтардан құралған. Бір шетінде іскер адамдар тұрса, екінші шеті түйіні шешілмеген түйткілдерге толы. Ол – «Үркер» шағын ауданы, елорданың құрамына кіргенімен, қазіргі жай-күйінен ат үркеді. Қалалық бюджеттің көлеңкесінде қалып келген «Үркерге» биліктің бүйрегі бұрылмай-ақ қойды. Сол баяғы қираған жолдар, жарықсыз көше, иесіз иттер, үш ауысыммен оқитын мектеп... «Байтал түгіл бас қайғы деген» кейбір үркерліктер сайлау болатынынан да бейхабар. Білгендері депутатарға сенуден қалған. Мен олармен кездестім. Өкпе-наздарын тыңдадым. Сондықтан бағдарламамның басым бөлігін осы «Үркер» тақырыбына арнап отырмын.
Бюджеттен бөлінген қаржы «Үркерге» тұтасымен жетуі тиіс. Қоғамдық көлік бағыттарының санын арттырып, жылы аялдамаларды көбірек салуға көмектессем деймін. Үркерде әлі күнге жаяужолдар қарастырылмаған, бұл әсіресе балаларымыз үшін аса қауіпті.
Айта берсе, жұмыс өте көп. Шешілмейтін түйін жоқ!
– Сайлаушылармен тілдесуде басқа кандидаттардан ерекшелігіңіз қандай? Кәсіпкер қарапайым халықтың тілін түсіне ме?
– Көбісі кәсіпкерлер қала тұрғындарының проблемасынан бейхабар деп ойлайды. Бұл қате пікір. Шағын және орта бизнес – қазақстандық қоғамның өзегі. Шен-шекпенділер бұл мәселеден алыс шығар. Бірақ жеке кәсіпкер ретінде күн сайын түрлі санаттағы адамдармен кездесіп, қызмет көрсетемін. Сондықтан сайлаушыларыма үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде экран арқылы емес, проблемаларын өз көзіммен көру үшін бетпе-бет жүздесіп, сөйлесуді жөн көрдім. Сайлау науқаны басталғалы бері бірнеше аз қамтылған отбасымен, жүйесіз құрылыстың құрбаны болған тұрғындармен тікелей кездестім. Сонымен қатар, бұл жұмысымды жүйелі түрде жалғастырып отырмақпын. Сенімді өкілдеріммен бірге «Үркерге» күнде барып, шағымдарын тыңдаймын. Арнайы сенім телефонын аштық. Оған кездесе алмай қалған тұрғындар өз проблемаларын айтып, хабарласа алады. Әр мәселеге сараптама жасалып, шешімін қазірдің өзінде қарастырып жатырмыз. Депутат болған жағдайда осы мәселелер назарға алынып, жұмысымның күн тәртібіне айналмақ.
Астаналықтардың қарапайым қажеттіліктері әлі күнге қамтамасыз етілмей отырғаны қынжылтады. Бұған дейін депутаттар қайда қараған?! Демек, тұрғындармен жеке кездесіп, жай-күйін білмеген. Әлеуметтің мұқтаждығынан мүлде хабарсыз. Басқалар бос уәдемен тойдырса, мен нақты іспен дәлелдеймін және соған кірісіп кеттім.
– Сайлауалды бағдарламаңыз мықты, мәслихат емес, Мәжіліске лайық. Бұның сыры неде?
– Ұлттық құндылықтарды насихаттаушы, салт-дәстүріміздің жанашыры ретінде көп адам мені тек мәдениет тақырыбын қозғау үшін Мәжіліске барады деп пайымдады. Бірақ, әлеуметтің жағдайын жақсартпай, ұлт әлеуетін әңгіме ету бос әуре. Сондықтан өзім тұратын қала халқының жанайқайын мәслихат мінберінен баяндап, шешімін табуға атсалысу – азаматтық борышым беп білдім. Еліміздің бас қаласында қордаланған проблемалар шешімін таппай жатқанда, басқа өңірлер туралы айтудың өзі ыңғайсыз. Бүгінгі проблемалар – әкімдер мен министрлердің жауапсыз жұмысының нәтижесі. Жаңа Қазақстанда бұл қателіктерге жол бермеу керек.
– Қоғамда қандай белсенді болсаңыз, әлеуметтік желіде де сондай екенсіз. Оқырмандарыңыздың арасында сын айтып, мін іздейтіндер де жоқ емес. Тіпті, «пандемия кезінде көйлек-көншегіңді жарнамалап, қайырымдылық жасамадың» деп айыптағандар бар.
– Қазір бір реттік акция жасап, әлеуметтік желіде де, телеарна арқылы да атағын дардай етіп өз-өзін жарнамалап жатқан жастар, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен блогерлер өте көп. Бір отбасы үшін екі мың теңгеге әлеуметтік қоржын жасап, екі миллионға өзін жарнамалайды. Қайырымдылық жариялылықты қажет етпейді. Менің кімге көмектесіп, кімге демеу болғаным өзіме ғана аян. Компаниямның әлеуметтік белсенділігі үшін «Парыз» сыйлығы берілген болатын. Менің меценаттық еңбегімнің нәтижесі – сол.
– Сіздің «Facebook» парақшаңызға да ашық шабуылдар жасалып жатыр. Саяси додада күрестің «лас» әдісін қолданатын қарсыластарыңызға не айтар едіңіз?
– Иә, кейбір қарсыластарым күрестің қызу кезеңінде қарапайым этикалық нормаларды ұмытып жататыны өкінішті. Біреу «саясатта әйелдерге орын жоқ» дейді, күш-қуатым жеткілікті болса да, біреулер менің жасымды сынайды, кейбірі, тіпті, кандидатурамды алып тастауды талап етіпті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп қазағым бекер айтпаған. Орынды сын болса, оған қайта қуанып, дұрыс қорытынды шығаруға тырысамын. Саяси додадан кейін де сәлеміміз түзу болсын. Сондықтан осы сұхбатым арқылы барлық үміткерлерді адал күреске шақырамын. Бәріміз – қалыптасқан, қоғамда өзіндік орны бар сауатты адамбыз. Мақсатымыз да бір – қаламызды көркейтіп, дамуына үлес қосу. Адами және іскерлік қарым-қатынасымызды үзіп алмайымыз деген үміттемін.
Сөз соңында айтарым, өзім тұратын 9-округтің мәселелерін көтеріп, шешімін табу үшін басымды бәйгеге тігіп, өзін-өзі ұсыну әдісімен сайлау додасына қатысып отырмын. Есіл өзенінен бері Қабанбай батыр даңғылының «Астана Операға» дейінгі оң жақ бөлігі, Д. Қонаев көшесінен Қ. Мұхаметханов көшесіне дейінгі Тұран даңғылының оң жақ бөлігі, Қ.Мұхаметханов көшесінің Е-355-көшесіне дейінгі оң жақ бөлігі, Е-355-көшесінен Сығанаққа дейінгі оң жақ бөлігі, Сығанақтан «Үркер» шағын ауданына дейін, «Үркер», «Шығыс Ильинка» толығымен 9-округке кіреді. Осы округтің тұрғындары, сіздер де маған қолдау білдіріп, 19 наурызда өтетін сайлауға белсенді қатысыңыздар, маған дауыс беріңіздер!
- Сұқбатыңызға рахмет!
Астана қаласы мәслихаты депутаттығына үміткер Б. Төлегеннің сайлау қорынан қаржыландырылды.