3 Тамыз 2026, 10:37 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Бағдат Мусин: Жасанды интеллект олимпиадасына қатысушылардың миллиардер болу мүмкіндігі 1500 есе жоғары

Биыл халықаралық олимпиада әлемде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін жарыс Болгария мен Қытайдың Бейжің қаласында өткен. Ал үшінші олимпиаданы қабылдау мәртебесі Қазақстанға бұйырды.

Астанада бүгін басталатын жасанды интеллект бойынша халықаралық IOAI 2026 олимпиадасы Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналды. Бұл туралы Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин олимпиада кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, мұндай халықаралық олимпиадаларға қатысатын жастардың болашақта технологиялық кәсіпкер немесе ғалым ретінде жетістікке жету мүмкіндігі айтарлықтай жоғары.

Статистикаға сүйенсек, осындай олимпиадалардың қатысушыларының миллиардер әрі ірі технологиялық кәсіпкер болу мүмкіндігі 1500 есе жоғары. Ал жасанды интеллект, бағдарламалау және компьютер ғылымы саласында ғылыми жаңалық ашу ықтималдығы 4000 есе артады, – деді Бағдат Мусин.

Ол Қазақстан үшін бұл жарыстың тек халықаралық іс-шараны қабылдаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

Бұл – еліміздің жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән беретінінің көрсеткіші. Мектеп оқушылары жасанды интеллект Қазақстаннан тыс жатқан дүние емес екенін, оны өз елімізде де жасап, осы салада әлемнің үздік командаларымен тең дәрежеде бәсекеге түсуге болатынын көруі керек, – деді федерация президенті.

Бағдат Мусиннің мәліметінше, IOAI олимпиадасы – коммерциялық емес, халықаралық деңгейде мойындалған білім жарысы.

Бұл коммерциялық форматтағы байқаулардың бірі емес. Әлемдік физика, математика немесе информатика олимпиадалары сияқты халықаралық олимпиада. Мұнда мемлекеттер өз командаларын жіберіп, кейін жеңімпаздарын өздері марапаттайды, – деді ол.

Биыл халықаралық олимпиада әлемде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін жарыс Болгария мен Қытайдың Бейжің қаласында өткен. Ал үшінші олимпиаданы қабылдау мәртебесі Қазақстанға бұйырды.

Бағдат Мусиннің айтуынша, олимпиадаға 106 мемлекеттен командалар толыққанды қатысып жатыр, ал екі ел бақылаушы ретінде қосылған. Жалпы шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық оқушы жиналған.

Жарыс бес күнге созылып, екі бағыт бойынша өтеді. Жеке кезеңде қатысушылар алты сағат ішінде жасанды интеллект модельдерін әзірлеп, түрлі тапсырмаларды шешсе, командалық кезеңде роботтарды бағдарламалайды. Осы мақсатта Қытайдан арнайы 10 робот жеткізілген.

Қатысушылар өздері жазған бағдарламаны роботтарға жүктеп, олардың жұмысын көрсетеді және өз шешімдерін қорғайды, – деді федерация президенті.

Оның сөзінше, Қазақстан құрамасы сегіз оқушыдан құралған. Команда құрамына Тараз, Шымкент, Ақтау, Атырау және еліміздің өзге өңірлерінен математика мен информатикадан үздік нәтиже көрсеткен оқушылар іріктелген.

Бағдат Мусин ұлттық құраманың мүмкіндігін болжау қиын екенін айтты. Себебі жасанды интеллект бағыты әлі жас сала болғандықтан, тапсырмалар бойынша қалыптасқан тәжірибе енді ғана жинақталып жатыр.

Былтыр Бейжіңде өткен олимпиадада Қазақстан жалпыкомандалық есепте 4-орын алған болатын. Бірақ ол кезде шамамен 40 мемлекет қатысты. Биыл алғаш рет жарысқа жүзден астам ел келіп отыр, – деді ол.

Сондай-ақ олимпиаданың әділдігін қамтамасыз ету үшін қазылар алқасы халықаралық қағидаларға сай жасақталған. Бағдат Мусиннің айтуынша, қазылар құрамына әртүрлі мемлекеттен іріктелген 14 халықаралық сарапшы енген.