Бағдат Мусин шетелдік көлігін заңдастырып жүрген астаналықтармен кездесті

Цифрлық даму, инновациялар және аоэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин шетелдік көлігін заңдастырып жүрген астаналықтармен кездесті. Бұл туралы министрдің өзі Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өздеріңіз білетіндей, қазір шетелдік көліктерді заңдастыру процесі жүріп жатыр. Бүгін Астананың №1 Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Көліктерін заңдастыру үшін келген азаматтармен және орталық мамандарымен сөйлесіп, қандай мәселелер бар екенін сұрастырдым. Көлікті заңдастыру процесінде көлік басқа елде де тіркеуде тұрмауы шарт. Көптеген азаматтар осы проблемаға тап болады екен, – деді Бағдат Мусин.

Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Цифрлық даму министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, азаматтарға қызмет көрсету үдерісін жолға қоюда.

Оның айтуынша, заңдастыру барысында ең алдымен көлік деректерін тексеруге eGov порталы арқылы өтініш беру керек. Компьютерге қол жетімділігі жоқ автокөлік иелері елдің кез келген ХҚКО-да өзіне-өзі қызмет көрсету секторында өтінім бере алады. 

Автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы тиіс. Мақұлданған жағдайда автокөлікті тексеру үшін МХҚО-ға онлайн кезекке тұру қажет. Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында көлікті заңдастыру процесінің қалай жүргізіліп жатқанын көріп, автокөлікті тексеру пунктін аралап қайттым. Келушілерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз. Осы ретте, азаматтарымыздың жайлылығы үшін біз мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіре түсеміз, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аоэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: t.me/bagdat_mussin_official
Өзгелердің жаңалығы