Бағдат Мусин: SDU – үлкен жобаның бір бөлігі ғана
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желіде жазды.
Былтырғы жылдың аяғында маған Сүлеймен Демирел университетінің мерейтойына қатысу мәртебесі бұйырды. Университеттің басқа да түлектері мен оқытушыларын көріп, бір жасап қалдым. Көбіңіз білетіндей, SDU – үлкен жобаның бір бөлігі ғана, бұл жобада Қазақ-Түрік лицейлері де (BIL) бар. Бұған дейін де әлеуметтік желіде жазғанымдай, ҚТЛ-дің (BIL) орны мен үшін ерекше, бұл – жай ғана мектеп емес, өмір мектебі. Бұл жүйе сапалы білім береді – оқушылары қаншама жылдан бері елдегі және шетелдегі олимпиадаларда жеңіске жетіп, Қазақстанның мерейін көтеріп келеді, – деді министр.
Мықты базадан бөлек ҚТЛ-дың адами құндылықтарға негізделген философиясы мен идеологиясы бар: үлкенді сыйлау, көпшіл болу, өз елінің патриоты болу.
Осы іспеттес басқа да мектептер бар десек те, оларды қаржыландыруға біраз ақша жұмсалады, алайда интеллектуалдық олимпиадалардағы көрсеткіштері бірдей. ҚТЛ – бұл техникалық мамандар шығаратын мықты мектеп, сондықтан осы жүйені Мемлекет басшысы айтқан болашақ техникалық мамандардың платформасына айналдыруға болады. Мұндай мектептер цифрлық экономиканың тұтынушысы ғана емес, жасаушысы бола алатын адамдарды дайындау алаңы болар еді. Қазір біз елімізді алға жетелейтін жаңашылдықтарға жол ашып, жаңа Қазақстанның бөлшегі болуға талпынып жатырмыз және жылдар бойы қалыптасып, техникалық мамандарды шығарудағы зор әлеуетін дәлелдеген ҚТЛ жүйесін де осы жаңа Қазақстанда көргім келеді, – деп жазды Бағдат Мусин.