Көкшетауда бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Облыс, қала әкімдіктері өңірдегі тауар өндіруші 7 компаниямен облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша меморандумға қол қойды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев атап өткендей, меморандум негізінде Көкшетауға сүт, жұмыртқа өнімдері, құс еті мен көкөніс белгіленген баға бойынша жеткізілетін болады. Бұл қала тұрғындарын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.
«Мемлекет басшысы азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту, сондай-ақ бағаны бақылау мақсатында бастама көтергені белгілі. Бұл бағытта өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің тапсырмасымен ауқымды жұмыстар жүргізілді. Келісімнің мақсаты – әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, қала халқын қолжетімді бағада сапалы өнімдермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Осы ретте қала әкімдігі, өңірдің кәсіпкерлер палатасы және әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, бастаманы қызу қолдаған кәсіпкерлерге алғыс білдіремін», - деді Марат Иғалиев.
Келісім негізінде ақмолалық кәсіпкерлер азық-түлік бағасын негізсіз көтермеуге уәде етті. «Агроинвест-2015», «Үш Бұлақ-2005», «АПП Астраханская птица», «Гормолзавод», «Нәтиже» сүт фабрикасы, «Milk Projekt», «Агротрейд Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, ет өндірушілер, картоп және көкөніс өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар Көкшетау қаласының ішкі нарығын өз өнімдерімен басымдық бағытта қамтамасыз етуге міндеттеме қабылдап, бағаны негізсіз көтермеу жүктелді.
Кәсіпкерлерге алғысын жеткізген қала басшысы Ермек Маржықпаев мемлекет тарапынан бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Коммуналдық төлемдерге тарифтер төмендетіліп, ауыл шаруашылығына субсидиялар бөлінді. Бұл 2018 жылы 28 млрд теңгені құраса, биыл 36 млрд теңгеге жетіп отыр.
«Меморандумға сәйкес «Milk Projekt» ЖШС қала дүкендеріне азық-түлікті белгіленген бағамен жеткізеді. Пастерленген сүт (2,5%) 1 литрі 175 теңгеден, айран 185 теңгеден, сүзбенің келісі 700 теңгеден, сары майдың келісі 1700 теңгеден қымбат болмауы тиіс. Ал бөлшек саудадағы кәсіпорындар сүттің 1 литрін 200 теңгеден, айранның 1 литрін 220 теңгеден, сүзбенің 1 келісі 840 теңгеден, сары майдың 1 келісін 1850 теңгеден асырмауы тиіс», - деді Ермек Маржықпаев.
Қала әкімінің айтуынша, сауда нүктелерімен 200 келісімге қол қойылған. Кәсіпкерлермен меморандум 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған.
Әсем Ұланқызы
Фото: автор