Баға тұрақсыз, кадр тапшы: Respublica Петропавлда өндіріс пен бизнестің мәселелерін көтерді
Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Петропавлда өндіріс пен бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Штаб мүшелері Alageum Electric құрамындағы «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС мен NQDC компаниясы жүзеге асырып жатқан «Фантазия» сауда үйінің құрылыс алаңына барды.
Электротехника саласында елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен өндірістік әлеуетін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын зауытта Құрылтай депутаттығына кандидаттар Айдана Тоғызбаева, Нұргүл Тау, Олжас Құспеков және басқа штаб мүшелері сөз сөйледі.
14 жылдық өндірістік тәжірибесі бар кандидат Бекжан Айтқұлов кәсіпорындар тұрақсыз баға, кадр тапшылығы және өнім өткізу қиындығына тап болып отырғанын айтты.
Біз шикізатты емес, дайын өнімді экспорттауға тиіспіз. Экономиканың тұрақтылығы – зауыттар, мектептер, ауруханалар мен қарапайым отбасылар үшін алдын ала болжам жасай алатын тұрақты жүйеден басталады, – деді ол.
Олжас Құспеков отандық өндірушілерге әділ бәсекелестік қажет екенін айтып, импорттық тауардың отандық өнім ретінде көрсетіліп, мемлекеттік тапсырыс алуына қарсы екенін жеткізді. Оның сөзінше, партия белгілі бір бизнестің емес, табысына қарамастан әр қазақстандықтың тең мүмкіндігі болуын қолдайды. Қарапайым отбасынан шыққан жастар қабілетін жүзеге асырып, өз орнын тауып, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек.
Сауда үйінің құрылыс алаңында Олжас Құспеков, Нұргүл Тау және Ерлан Сүлейменов өңірді дамыту, жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне тоқталды.
Respublica өкілдері энергетиканың тұрақты дамуын әділ бәсекелестікпен, отандық өндірісті қолдаумен және ұзақмерзімді, түсінікті экономикалық саясатпен байланыстырады. Сондай-ақ еңбек ұжымдарымен ашық диалог өңірлердегі мәселелерді жергілікті жерде көріп, халықтың талап-тілегін заңнамалық бастамалар арқылы шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.