Баға өсті, импорт түсті: Қазақстандағы құрылыс материалдары неге қымбат?
2025 жылы қазақстандық құрылыс материалдарының нарығында өндірістің өсуі мен импортқа тәуелділіктің төмендеуі байқалады. Алайда халықтың жөндеу жұмыстарына кететін шығындары күн санап артуда, ал жаңа топтамалардың бағасы тікелей теңге курсына тәуелді. BAQ.KZ тілшісі астаналық құрылыс материалдары базарына барып, жөндеу жұмыстарына қанша ақша кететінін есептеп көрді және бұл туралы Өнеркәсіп министрлігі не дейді?
Материалдар қанша тұрады
Елордадағы құрылыс материалдары базасында жөндеу жұмыстарына қажеттінің бәрін: кішкентай тетіктерден бастап сантехника мен есіктерге дейін табуға болады.
Есіктің тұтқалары 2000 теңгеден басталса, розеткалардың бағасы – 850-ден 1400 теңгеге дейін, ал қарапайым аспашамдар 13-15 мың теңге көлемінде.
Душ пен ваннаға арналған қоспалағыштар 30 мың мен 150 мың теңгеге түседі. Унитаз жиынтығы 27 мың теңгеден, ванна мен шұңғылшаның (су ағатын шүмектің астына қойылатын ыдыс) бағасы 30 мың теңгеден басталады.
Ламинатты шаршы метріне 4000 теңгеден ұсынса, төбеге арналған ойықтың (галтель) шаршы метрі – 400-450 теңгеге бағаланған. Сатушылар құрылыс заттарының бағасы тікелей валюта курсына байланысты деп отыр.
Қазір баға тұрақты. Олар әрі қарай қымбаттай ма, ол жағын айту қиын. Біз ескі тауарға қосымша үстеме баға қоймаймыз – баға тек егер ол жоғары курспен әкелінген болса ғана, жаңа топтамаларға қосылады. Тауарды біз Қытай, Түркия және басқа да елдерден әкелеміз, - деді аспашам сатушы.
Сантехника сататындардың айтуынша, сатып алушылар алдын ала төлемнің 50%-ын төлей отырып, бағаны бекіте алады. Ал тауарды жарты жыл ішінде алып кетуге мүмкіндік бар.
"Толық аяқталған" жөндеу
Жөндеу жұмыстары және жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Арайлым Өмірбекова жөндеу жұмыстарының көпшілігінің негізі – цемент, бетон, кірпіш, гипсокартон мен құрғақ қоспалар екенін атап өтті. Сондай-ақ пластик құбырлар, оқшаулағыш материалдар, бояулар мен еден үстіне төселетін төсемдер кеңінен қолданылады.
Құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап барады. 2023 жылы өсім орта есеппен 6-7% болса, 2024 жылы негізгі позициялар бойынша 10%-ға артты. Әсіресе цемент, арматура мен жылуоқшаулағыш материалдар қымбаттады, - деп түсіндірді ол.
Сарапшының айтуынша, бір қап цемент (50 кг) 2500-3000 теңге, гипсокартонның бір тақтасы – 1500-2000 теңге, пластикалық құбырдың метрі – 300-500 теңге, бұрамашегенің бір келісі – 500-700 теңгеге жеткен.
Өмірбекованың бағалауынша, "толық аяқталған" жөндеудің құны небәрі екі-үш жыл ішінде 15-25%-ға өскен. Оған себеп – материалдар бағасының өсуі мен бригада жұмысы құнының қымбаттауы.
Базалық материалдардың көпшілігін табу қиын емес, бірақ баға теңге курсына байланысты өсіп жатыр. Білікті бригада табуға қатысты жағдай күрделі: сұраныс ұсынысты арттырады, әсіресе жаз маусымында олардың саудасы қызады, - дейді сарапшы.
Өнеркәсіп министрлігі не дейді?
Өнеркәсіп министрлігі құрылыс индустриясы тек ұлттық экономиканың ағымдағы күйін анықтап қана қоймай, оның әрі қарайғы даму әлеуетін де айқындап, басым орынға ие екендігін алға тартты.
Осылайша, елдің ЖІӨ құрылымындағы саланың үлесі 0,7%-ды құрайды. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 2922 кәсіпорын жұмыс істесе, оның 96%-ы – шағын компаниялар.
2024 жылы құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге ұлғайды және өңдеу өнеркәсібі салаларының арасында 4-орынды иелене отырып, триллиондық жоспардан асты, - деді ведомстводан.
Министрліктің деректеріне сүйенсек, соңғы 5 жылда импортқа тәуелділіктің төмендеуі байқалады. Осы орайда импорттық құрылыс материалдарының жалпы тұтыну көлеміндегі үлесі 37%-дан 5 пайыздық пунктке қысқарып, 2024 жылы 32%-ды құраған.
Айта кетерлігі, отандық тауар өндірушілердің үлесі 68%-ды құрады, - деп нақтылады ведомстводан.
Оның үстіне, 2024 жылы құрылыс материалдарының импорты 1,3 млрд долларға тең болған. Негізгі жеткізушілер – Ресей (46,2%), Қытай (25,1%) және Өзбекстан (7,3%). Министрлік Қазақстан цемент, бетон, газблоктары мен құрылыс қоспаларының ішкі сұранысын толықтай жауып отырғанын мәлімдеді. Қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер ішкі нарықтың қажеттілігін толықтай жабады. Олардың қатарында тауарлық бетон (ОТӨ үлесі – 2024 ж. 100%), темірбетон бұйымдары (2024 ж. 99,6%), газблок (2024 ж. 99,2%), құрылыс ерітінділері мен қоспалары (2024 ж. 98%), портландцемент (2024 ж. 92,4%) – деп хабарлады министрліктен.
Осылайша, қазақстандық құрылыс материалдарының нарығы бүгінгі таңда екіжақты сипатты көрсетіп отыр. Бір жағынан, отандық өндіріс өсіп, ішкі сұранысты көбірек жауып, импортқа тәуелділікті төмендетті. Екінші жағынан, материалдар мен жөндеу құны қымбаттап келеді, ал теңге курсы бағаны қалыптастырудағы негізгі фактор ретінде қалды. Осыған қарамастан, сапалы жөндеу мен заманауи материалдарға деген сұраныс жоғары, бұл ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылық үшін саланың маңыздылығын тағы бір мәрте растайды.