Баға, азық-түлік, газ: Ормуз бұғазының жабылуы кімге ауыр тиеді?
Бұғаздағы кедергілер газ бағасындағы тұрақсыздық пен тыңайтқыш тапшылығына ықпал етіп отыр.
Ормуз бұғазындағы жағдай тек теңіз тасымалына ғана емес, бүкіл әлемнің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі ықтимал. Газ бағасының күрт өсуі тыңайтқыш өндірісін қысқартып, егіс науқаны қарсаңында көптеген елдерді күрделі таңдауға тіреп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ормуз бұғазының жабылуы әлемдік нарықтағы газ бағасының шарықтауына әкелді. Ал газ – азотты тыңайтқыштар мен карбамид өндіруде негізгі шикізат. Бағаның өсуі өндірісті тиімсіз етіп, тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындардың бірқатары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл жағдай әсіресе егіс науқаны жақындап қалған кезеңде орын алып отыр.
Газдың қымбаттауының салдарынан әлемде карбамид бағасы 40%-ға өсіп, өндірілген тыңайтқыштардың жартысы Ормуз бұғазында тұрып қалған. Мұндай ахуал ауыл шаруашылығы үшін қос соққы болып отыр: бір жағынан жанармай қымбаттап жатыр, екінші жағынан тыңайтқыштардың қолжетімділігі төмендеуде.
Ең алдымен Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Сахараның оңтүстігіндегі Африка мен Латын Америкасы елдері зардап шегуі мүмкін. Бұл мемлекеттер энергия ресурстарын да, тыңайтқыштарды да сырттан алады. Сондықтан шығындардың артуы мен жеткізілімнің азаюы олардың ауыл шаруашылығына тікелей әсер етпек.
Азотты тыңайтқыштар әлемде өндірілетін азық-түліктің шамамен жартысын қамтамасыз етеді. Сол себепті олардың тапшылығы бір мезетте бірнеше құрлықтағы егін өнімділігін төмендетуі мүмкін.
«Имплемент» дерегінше, Ормуз бұғазы – тыңайтқыштар мен олардың шикізатының әлемдік экспортының жартысынан астамы өтетін аса маңызды көлік дәлізі. Қазіргі уақытта бұғаз арқылы өтетін экспорт көлемі айтарлықтай жоғары.
Бұғаз арқылы өтетін экспорттың қазіргі көрсеткіштері:
- Аммиак – әлемдік көлемнің 21%-ы;
- Карбамид – ұсыныстың шамамен үштен бірі;
- Күкірт – жаһандық сауда ағындарының 46%-ы.
Негізгі жеткізу бағыты – Азия-Тынық мұхиты өңірі:
- карбамидтің 48%-ы;
- аммиактың 71%-ы;
- күкірттің 70%-ы.
Ал ең алдымен кімдер зардап шегуі мүмкін?
- Еуроодақ – тыңайтқыштарды көп тұтынатын өңір;
- Қатар, Бахрейн, Кувейт және Сауд Арабиясы – импорттық азық-түлікке қатты тәуелді;
- Үндістан, Бангладеш, Таиланд, Индонезия және Африка елдері – тыңайтқышсыз көп санды халықты қамтамасыз етуге жететін көлемде азық-түлік өндіруі қиынға соғады.
Мұндай жағдайда тыңайтқыштардың жартысына жуығы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жетпей қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының өсуіне және әлемдік продовольстволық дағдарыстың ушығуына әкелуі ықтимал.
Сарапшылардың бағалауынша, ең алдымен тыңайтқыштарды көп тұтынатын Еуроодақ елдері қиындыққа тап болуы мүмкін. Сонымен қатар импорттық азық-түлікке қатты тәуелді Катар, Бахрейн, Кувейт және Сауд Арабиясы үшін де тәуекел жоғары.
Ал халқы тығыз орналасқан Үндістан, Бангладеш, Таиланд, Индонезия және Африка елдері тыңайтқыш тапшылығы жағдайында қажетті көлемде азық-түлік өндіруде үлкен қиындықтарға ұшырауы мүмкін.