Бабадан қалған белгі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрлігінің Геральдикалық зерттеулер орталығы Ерейментау балбал тас ескеріткіштеріне экскурсия ұйымдастырды.

Экскурция Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімдігінің қолдауымен Геральдикалық зерттеулер орталығы мен «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының ұйытқы болуымен өтті.

«Бабадан қалған белгі» атты Ерейментау балбал тас ескеріткіштеріне ұйымдастырылған сапарда ықылым заманнан бергі таңбалы тастарда жазылған ұлт пен ұлыстың өткені мен өмірі, тағдыры мен тарихы таныстырылды. 

Ел тарихының тұнғиық сыры сақталған тарихи мекендердің Ереймен жерінде көптеп сақталғаны шындық. 

Ерейментау балбал тастарының тарихи құндылығын зерттеу, көпшілікке насихаттау, қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын білу мақсатында "Қос батыр" балбал тастары, "Мұртты қорым" тарихи орындары мен қазақтың батыры, қарт Бөгенбайдың мұражайында көптеген тың деректерге қанық болдық.

Қазақстан Республиксының құрметті өлкетанушысы, тарихшы, этнограф Әдірешев Манап Бектасұлы Ереймен жеріндегі тарихи ескерткіштер жайлы баяндап берді.

Бұл тарихи құндылықтар VI-VII ғасырлардағы түркі қағанатына тән «Қос батыр кешені»,«Қарағайлы-1, Қарағайлы-2» тас ескерткіштері 1948 жылы анықталып, 2011 жылы қайтадан жөндеуден өткізіліп, қоршаулар қойылып, маңызды ескерткіштер қатарына жатқызылды. Бұл балбал тастардың өзіндік ерекшеліктері бар. Күндізгі күн түсіп тұрған кезде олардың бетінен қолына құмыра мен қылыш ұстап тұрғанын және шекесінде геральдикаға тән таңбанының барын аңғарасың, - деді құрметті өлкетанушысы, тарихшы, этнограф Манап Бектасұлы.

Экскурсия аясында қатысушылар мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың нормативтік-құқықтық жүйесін бақылау мақсатында Ерейментау аудандық жергілікті басқару органдарының қызметкерлерімен рәміздер туралы кездесу өткізді.

«Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты кездесуге белгілі сәулетші, Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы, Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Асылбек Байжұмаұлы, Ерейментау ауданы әкімі Абай Әлжанов, аудандық мәслихат хатшысы, депутат Медеу Әбжіков, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, ардагерлер ұйымының төрағасы Төлеген Абдин, аудандық мәдениет үйінің басшысы Сайлау Жылқыбаев мен ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Экскурсияға барған қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Абай Еламанұлы экскурсия құрамындағыларға алғысын білдірсе, Елтаңба авторы, сәулетші, профессор Жандарбек Мәлібековпен кездесуге келген аудан зиялылары ел ағасына ізгі ниетін білдіріп, иығына шапан жауып "Бөгенбай батыр" медалімен марапаттады.

Ереймен жеріндегі сонау сан ғасырлардан келе жатқан ескерткіштерді табу жұмысы жалғасуда. Біздің міндетіміз ғалымдар тапқан құнды мұраларды сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу, - деді Ерейментау ауданының әкім Абай Еламанұлы.

Сөз кезегінде Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков жиналған зиялы қауым өкілдеріне алғысын білдіріп, өскелең ұрапаққа үлгі мен тәрие беретін «Ақсақалдар алқасына» артылып отырған жүкті айтып өтті.

Ауыл болсын аудандық деңгейде болсын мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмысы формальды емес нақты жоспармен жүзеге асуы қажет, - деді Елтаңба авторы.

 

Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы «Бабадан қалған белгі» атты экскурсияны киелі мекен Ерейментаудан бірінші болып бастап жатқандығын және бұдан әрі еліміздің барлық өңірлеріне жалғасын табатынын айтты.

Ел өңірлерінде көнеден келе жатқан балбал тастарды мемлекет қорғауына енгізуге құзыретті органдарға ұсыныс әзірлеу мәселесін қолға аламыз. Өкінішке орай, жекеменшік кәсіпкерлердің қолында және оларға тиісті жерлерде табылып жатқан көне тарихы ескерткіштерді мемлекет өз қамқорлығына алуы қажет,-деді Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Мұрытты қорым жерінде және Ерейменнің іргесінде көне қалалар көп. Осы қалаларды тауып, қазба жұмыстарын жүргізіп, мұражайлар мен туристік орындар ашу қажет,- деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әжібайұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы