БАӘ шейхі Қазақстанға қандай жағдайда инвестиция салатынын айтты
«Масдар» компаниясының ТМД және Африка елдері бойынша даму және инвестициялар жөніндегі директоры Абдулла Зайед инвестиция бойынша жоспарын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикер Қазақстандағы инвесторлардың жағдайы мен жоспарын айтты.
Қазақстанда су энергетикасы бағытындағы жобамыз бар. Энергетика Қазақстан үшін ең маңызды нарықтың бірі. Біз елдеріңізде ірі жобаларды іске асырып жатырмыз. Инвестиция үшін елдеріңізде жақсы ахуал жасағандарыңызға рахмет айтамын. Өздеріңізге мәлім, Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасы жүргізіліп жатыр. Жаңа жылдың басында бірнеше өтініш жасадық. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келіссөз жүргізіп жатырмыз, – дейді ол.
Зайедтің айтуынша, БАӘ қазіргі таңда су, жел және күн энергиясымен жоғары күшпен жұмыс істейтін шағын станциялар салуды жоспарлап отыр. Мақсат - энергияның жоғары деңгейіне қол жеткізу.
Бәрі жоғары биліктің нақты мақсаты мен жоспарына байланысты. Заңдар мен статегиялық жоспар үнемі өзгертіліп отыратын болса, бұл - жақсы емес. Мұндай жобалардың жүзеге асуы ұзақ уақыт алады. Біз елде қандай қысқамерзімді және ұзақмерзімді жоспарлардың барын қараймыз. Биліктің саяси еркіне байланысты жағдайлар жасаласа, бәрімен ретімен шешілсе, осы фактілерге қарап инвестиция сала аламыз, – деді Абдулла Зайед KGIR-2023 пленарлық отырысында.