7 Қазан 2026, 12:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

БАӘ өкілі: Жасанды интеллект этикасы жөніндегі жаһандық пікірталаста діндердің үні естілуі керек

Елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысында дінаралық және мәдениетаралық диалог, жасанды интеллектінің этикасы, климаттың өзгеруі және адамзаттың ортақ құндылықтары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Біріккен Араб Әмірліктерінің Толеранттылық және бірге өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед әл-Саабри мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Астана дінаралық және мәдениетаралық диалогтың халықаралық орталығы ретінде өзінің орнын нығайтып, адамзат, толеранттылық пен бейбітшілік мәселелері бойынша жаһандық пікірталас алаңына айналды.

Адамзатқа дәл қазіргідей даналық пен байыптылықтың үні, халықтар арасындағы сенім, ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтатын көпірлер бұрын-соңды болмаған деңгейде қажет, – деді Афра Мұхаммед әл-Саабри.

Ол съез Хатшылығының діни және зияткерлік диалогты нығайту бағытындағы жұмысын жоғары бағалап, дінаралық диалогты әлем халықтарының өзара жақындасуы мен бейбітшілігіне бастайтын көпірге айналдыру маңызды екенін атап өтті.

БАӘ өкілінің сөзінше, бүгінгі әлемде климат дағдарысы, технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы адамзат алдына ортақ адамдық болмысты қалай сақтап қалуға болады деген маңызды сұрақ қойып отыр.

Адам өзінің діні, мәдениеті, тілі немесе азаматтығы арқылы ерекшеленбес бұрын – ең алдымен адам. Оның қадір-қасиеті бар. Оның қауіпсіздік пен бейбітшілікке құқығы бар. Оның ерекшелігін құрметтейтін және еркіндігін қорғайтын қоғамда өмір сүруге құқығы бар, – деді ол.

Афра Мұхаммед әл-Саабри бұл қағидаттардың барлық дерлік діндерге ортақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, діндер адамдарды мейірімділікке, әділдікке және адамды құрметтеуге үндейді.

«Жасанды интеллект этикасына қатысты пікірталаста діндердің үні естілуі керек»

БАӘ өкілі қазіргі съез жай ғана диалог алаңы емес, адамзат алдында тұрған ірі мәселелер бойынша ортақ көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналғанын айтты.

Ол 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын осы ортақ ұстанымның көрінісі ретінде атады.

Ол дін көшбасшыларының бейбітшілік туралы диалогпен шектелмей, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға нақты үлес қоса алатынын көрсетті, – деді Афра Мұхаммед әл-Саабри.

Оның айтуынша, жасанды интеллект білім беруді дамытуға, білімді таратуға, мәдениеттерді жақындастыруға, адамның өмірін жеңілдетуге және қоғамдар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Сондықтан діндердің үні жасанды интеллект этикасына қатысты жаһандық пікірталаста міндетті түрде естілуі керек. Бізге технологиядан бұрын қалыптасатын немесе онымен қатар жүретін этикалық қағидалар қажет. Сонда ғана бұл технология әлемнің барлық өңірінде даму мен өркендеудің құралына айнала алады, – деді ол.

Климат мәселесінде де діндердің рөлі бар

Афра Мұхаммед әл-Саабри климаттың өзгеруі мәселесінде де діни қауымдастықтардың елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.

Оның сөзінше, барлық діни дәстүрлер адамды жер бетіне зиян келтірмеуге, жауапкершілік пен ұстамдылыққа, тіршілікті қорғауға, табиғи ресурстарды сақтауға және болашақ ұрпаққа қамқорлық жасауға шақырады.

Ол БАӘ-де өткен COP28 Тараптар конференциясы аясында діни көшбасшылардың климат мәселесі бойынша ынтымақтастығының маңызды үлгісі қалыптасқанын айтты. Сол кезде әртүрлі діни дәстүрлердің өкілдері бас қосып, Жер планетасы алдындағы ортақ адамзаттық жауапкершілікті атап өткен.

Сонымен қатар ол толеранттылықты басқа адамды өзіңнің серіктесің ретінде қабылдау, оның өзгеше болу құқығын құрметтеу және онымен бірге ортақ іс атқаратын бағыттарды іздеу деп түсінетіндерін жеткізді.

Сөз соңында Афра Мұхаммед әл-Саабри БАӘ-нің Толеранттылық және бірге өмір сүру министрлігі Съезд Хатшылығымен және оның барлық мүшелерімен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты.

Ортақ құндылықтарымызды нақты жүзеге асырылатын жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды дамытуға үлес қосуға әзірміз, – деді ол.