9 Тамыз 2026, 06:51 Фото: dailynewsegypt.com

БАӘ-нің БРИКС елдерімен сауда айналымы $312 млрд-тан асты

БРИКС елдерінің БАӘ-нің мұнайсыз экспортына қосқан үлесі 23%, ал реэкспорттағы үлесі 28% болды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің БРИКС елдерімен мұнай секторын есепке алмағанда, 2025 жылғы сауда айналымы $312 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 28,5%-ға өскен. Бұл туралы БАӘ сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед әз-Зейуди мәлімдеді, деп жазды ТАСС агенттігі.

Министрдің айтуынша, мұнайды есептемегенде, БАӘ-нің жалпы сыртқы сауда көлемінің 31%-ы БРИКС елдеріне тиесілі. Ал бірлестікке мүше мемлекеттер Әмірліктер импортының 34%-ын қамтамасыз еткен.

Сонымен қатар БРИКС елдерінің БАӘ-нің мұнайсыз экспортына қосқан үлесі 23%, ал реэкспорттағы үлесі 28% болды.

Бұл көрсеткіштер БРИКС елдерінің Әмірліктердің сыртқы саудасындағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Тани бен Ахмед әз-Зейуди БАӘ БРИКС-ті экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаң ретінде қарастыратынын атап өтті.

2026 жылы БРИКС-ке төрағалық ету Үндістанға өтті.

БРИКС құрамында 10 мемлекет бар

БРИКС – экономикалық және саяси ынтымақтастықты дамытуға бағытталған мемлекетаралық бірлестік. Оның атауы бастапқы мүшелер – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасының ағылшынша атауларының алғашқы әріптерінен құралған.

Кейін бірлестік құрамына БАӘ, Иран, Мысыр, Эфиопия және Индонезия қосылды. Осылайша қазіргі таңда БРИКС құрамында 10 мемлекет бар.

Қазақстан 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап БРИКС-тің серіктес мемлекеті мәртебесіне ие.

2026 жылы БРИКС-ке Үндістан төрағалық етіп отыр. Төрағалықтың ұраны – «Төзімділікті, инновацияларды, ынтымақтастықты және тұрақты дамуды қалыптастыру».