Бүгiн 2026, 10:08

БАӘ ғалымдары Түркістан климатын қалай өзгертпек?

Түркістан облысындағы 911 мың гектар алқапты құрғақшылықтан құтқару үшін ғарыш пен авиация күші қолданылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Былтыр Түркістан облысында су тапшылығы шегіне жетіп, құрғақшылықтан егістік алқаптары қатты зардап шеккен. Шаруаларды тығырыққа тіреген бұл дағдарыстан кейін Үкімет деңгейінде шұғыл шешім қабылданып, аймақты құтқарудың кешенді жобасы әзірленді. Міне, осы стратегиялық жоспар аясында өңірде Орталық Азия бойынша алғаш рет «жасанды жаңбыр» тудырудың бірегей пилоттық жобасы ресми түрде іске қосылды. Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірлескен бұл миссия аймақ шаруашылығына жылына 35 миллиард теңгеге дейін табыс әкелмек.

Ауқымды жобаның салтанатты іске қосу рәсіміне қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл қадамның еліміз үшін маңызын зор екенін атап өтті.

Қазақстан ауа райының құбылуына төтеп беретін жаңа жүйе жасап жатыр. Бұл жоба елімізде ғылымды, шетелдік тәжірибені және заманауи технологияларды қолдана отырып, ауа райын басқаратын үлкен база құрудың алғашқы қадамы, – деді үкімет мүшесі.

Жобаның ғылыми негізі БАӘ-нің 1980 жылдардан бергі көпжылдық тәжірибесіне сүйенеді. Сарапшылар бұл технологияны «жоқ жерден жаңбыр жасау» емес, аспандағы дайын ылғалды барынша тиімді пайдалану деп түсіндіреді. Бұлтты басқарудың бұл ғылыми жүйесін БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті Абдулла Ахмед Әл-Мандустың өзі таныстырды.

Технологияның негізгі мәні мынада. Арнайы ұшақтар арқылы бұлттарға тұз себіледі. Тұздың әсерінен ұсақ су тамшылары өзара әрекеттесіп, іріленеді де, соңынан жаңбырға айналады. Тәжірибе нәтижесі бұлттың көлемі мен сипатына тікелей байланысты. Дегенмен, біз жауын-шашын мөлшерін 20%-ға дейін арттыра аламыз, – деді халықаралық сарапшы.

Аталған технология бұған дейін АҚШ, Қытай, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында сәтті қолданылған. БАӘ Ұлттық метеорология орталығының ғылыми қызметкері Фарах Суфиан Халед Ахмадтың мәлімдеуінше, Түркістанның географиялық орналасуы мен климаты алдын ала мұқият зерттелген.

Жобаны бастамас бұрын Түркістанның климатын ғылыми тұрғыда зерттеп, жасанды жаңбыр жауғызуға ең қолайлы уақыт мамыр айы екенін анықтадық. Қазір біздің орталық жұмысқа толық дайын. Оған қоса, бұл технологияны болашақта өздері алып кете алуы үшін жергілікті ғалымдарға дәріс оқып, істің қыр-сырын үйретіп жатырмыз, – деді ғалым.

Алайда маман маңызды бір шектеуді ескертті. Бұлттың өзінде табиғи ылғал болмаса, реагенттер көмектеспейді, сондықтан бәрі ауа райына байланысты. Сондай-ақ, істің сәтті болуы үшін әуедегі ұшақ пен жердегі орталық өте тығыз байланыста жұмыс істеуі шарт. Қазіргі уақытта арнайы жабдықталған ұшақ Түркістан әуежайында толық әзірлікте тұр, ал бас ұшқыш Альжабери Ахмед Абдулла бұлтты жаңбырлату жұмыстарына толық дайын екенін жеткізді.

Біз әуежайда бұлт пайда болған сәтте бірден ұшуға дайынбыз. Жердегі жедел топ радар мен спутник арқылы жағдайды бақылап, бізге бағыт сілтейді. Аспанға көтеріліп, бұлтқа жақындағанда оның құрылымы мен ішіндегі ауа жылдамдығын тексеріп, мәліметті бірден орталыққа жолдаймыз. Осы деректерге сүйеніп ғалымдар бұлтқа қанша химиялық патрон жұмсау керектігін есептейді. Содан кейін ғана біз арнайы пиропатрондарды іске қосып, бұлтты жаңбырлатамыз, - деді бас ұшқыш.

Түркістандағы бұл операция толықтай қауіпсіз. Жұмыс тек су қажет ететін егістік алқаптарында ғана жүреді және әсері 5 шақырымнан аспайды. Сондықтан ешқандай дауыл немесе табиғи апат қаупі жоқ. Сондай-ақ, тек экологиялық таза тұз реагенттері қолданылады. Жобаның экономикалық тиімділігі жылына 35 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Яғни, бұл су қоймаларын толтырып, құрғақшылық шығынын жояды. Оған қоса, біздің метеорологтар, ұшқыштар мен инженерлер ауа райын басқаруды үйреніп, өз тәжірибеміз қалыптасады. Бұл миссия 2 айға созылады, бірақ бұлтты күндер көп болса, БАӘ үкіметі мерзімді ұзартуға әзір. Жобаның маңыздылығы соншалық оған еліміздің 11 министрлігі жұмылдырылған.

Егер Түркістандағы бұл бастама өзін ақтаса, технология Қазақстанның су тапшылығынан зардап шегетін басқа да өңірлеріне енгізілмек.