24 Қазан 2026, 08:38 Фото: The Cradle басылымының X әлеуметтік желісіндегі парақшасы

БАӘ-де танкерден мұнай төгілуіне байланысты жағажайлар жабылды

Ластанған аумақтың нақты көлемі әзірге белгісіз. Мұнайдың төгілуінен пайда болған жағымсыз иіс Шарджа мен Аджман қалаларының тұрғындарына да сезілген.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Умм-әл-Қайуайн әмірлігінде танкерден мұнай төгілуіне байланысты барлық жағажай мен жағалау аймағы уақытша жабылды. Бұл туралы елдің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта мәселелері жөніндегі министрлігі мәлімдеді.

Ластанған аумақтың нақты көлемі әзірге белгісіз. Мұнайдың төгілуінен пайда болған жағымсыз иіс Шарджа мен Аджман қалаларының тұрғындарына да сезілген. Алайда ведомство өкілдері иістің халық денсаулығына қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, мамандар мұнай төгіндісінің салдарын жою және қоршаған ортаға келетін зиянды азайту жұмыстарын бастаған. Қазіргі уақытта жағалау суларына тексеру жүргізіліп жатыр.

Қоршаған ортаға келетін зиянды азайту мақсатында тазарту және қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жағалау сулары зерттеліп жатыр. Алдын алу шаралары аясында әмірліктің барлық жағажайы мен жағалау аймағы уақытша жабылды. Шектеулер жұмыстар аяқталып, одан әрі қабылданатын шаралар анықталғанға дейін күшінде болады, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар ведомство тұрғындар мен демалушыларды мұнай төгілген аумақтарда балық аулаудан уақытша бас тартуға шақырды.

Танкерге дрон шабуыл жасаған болуы мүмкін

Оқиғаға қатысы бар кеменің атауы ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда Saudi Gazette басылымының мәліметінше, ұзындығы 330 метр болатын Gem No.2 мұнай танкеріне 9–10 қазан күндері Иранның ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған болуы мүмкін.

Сол кезде кемедегі 22 үндістандық теңізші құтқарылған.

Қазіргі уақытта мұнай төгіндісінің нақты көлемі, қоршаған ортаға келтірген залалы және оқиғаның мән-жайы толық анықталған жоқ.