БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығады
Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам Сауд Арабиясына соққы болуы мүмкін.
Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) 1 мамырдан бастап OПЕК және OПЕК+ құрамынан шығу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлады.
Бұл жөнінде сейсенбі, 28 сәуір күні WAM және Reuters агенттіктері хабарлады.
Бұл шешім БАӘ-нің өндірістік саясатын, сондай-ақ қазіргі және болашақтағы өндірістік мүмкіндіктерін жан-жақты талдау нәтижесінде қабылданды. Ол ұлттық мүдделерімізге және нарықтың өзекті қажеттіліктерін тиімді қанағаттандыруға деген ұмтылысымызға негізделген, – делінген WAM хабарламасында.
Бұл қадам БАӘ-нің ұзақ мерзімді стратегиялық және экономикалық көзқарасын, сондай-ақ елдің энергетикалық құрылымындағы өзгерістерді көрсетеді. Оның ішінде ішкі энергия өндірісін дамытуға инвестицияларды жеделдету бар. Сондай-ақ Абу-Даби жаһандық энергетикалық нарықта "жауапты, сенімді және болашаққа бағытталған рөлді" сақтайтынын атап өтті.
БАӘ: нарыққа қосымша өнімді біртіндеп шығарамыз
Ұйымдар құрамынан шыққаннан кейін БАӘ "жауапты әрекет етуді" жалғастырып, сұраныс пен нарық жағдайына сәйкес қосымша өнімді біртіндеп әрі теңгерімді түрде нарыққа шығаратынын мәлімдеді.
Ел мұнай, газ, жаңартылатын энергия көздері және төмен көміртекті модельдерді қоса алғанда, энергетикалық тізбектің барлық бағыттарына инвестиция салуды жалғастырады.
БАӘ энергетика министрі Сухейль әл-Мазруи Reuters агенттігіне берген сұхбатында ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығу елге икемділік беретінін айтты. Сондай-ақ ол бұл шешім қабылданар алдында басқа мемлекеттермен, соның ішінде Сауд Арабиясы-мен тікелей кеңес жүргізілмегенін атап өтті.
Сарапшы: бұл қадам Сауд Арабиясына соққы болады
Бұл қадам мұнай экспорттаушы елдер бірлестіктеріне және олардың іс жүзіндегі көшбасшысы – Сауд Арабиясына айтарлықтай соққы болуы мүмкін, – деп жазады Reuters.
БАӘ-нің шығуы ОПЕК үшін елеулі өзгеріс. Сауд Арабиясымен бірге бұл ұйымдағы резервтік өндірістік қуаты жоғары санаулы елдердің бірі еді. Дәл осы механизм арқылы топ нарыққа ықпал етіп келді, – деді Rystad Energy сарапшысы Хорхе Леон.
Сарапшының пікірінше, қысқа мерзімді әсері Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының бұзылуына байланысты аса байқалмауы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде бұл ОПЕК-тің құрылымдық әлсіреуіне әкеледі.
Ұйымнан тыс БАӘ мұнай өндіруді арттыруға мүмкіндік алып, ынталана түседі. Бұл өз кезегінде Сауд Арабиясының нарықты тұрақтандырудағы басты рөліне қатысты сұрақтар туындатады. Нәтижесінде ОПЕК-тің жеткізілімдегі теңгерімсіздікті реттеу қабілеті төмендеуі мүмкін.
Сарапшылар пікірі
La Repubblica басылымы БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы мұнай ұсынысының артуына және Таяу Шығыс елдері арасындағы жіктің тереңдеуіне алып келуі мүмкін екенін жазады.
Егер Абу-Даби өндірісті арттыру туралы шешім қабылдап, бұрынғы шектеулерге бағынбаса, орта мерзімді перспективада нарықтағы мұнай ұсынысы ұлғаюы мүмкін, – делінген материалда.
Тарихи дерек
БАӘ ОПЕК құрамына 1967 жылы қосылды. Сол кезде елді Абу-Даби әмірлігі таныстырған болатын. 1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктері құрылғаннан кейін де мүшелігін сақтап қалды.
Парсы шығанағынан мұнай тасымалдау Иран тарапынан Ормуз бұғазы арқылы өтетін жолдардың бұғатталуына байланысты қиындаған. Әдетте бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтеді.
АҚШ пен Израильдің Иран аумағындағы соғысы басталғаннан кейін Тегеранның шабуылдары салдарынан БАӘ айтарлықтай зардап шеккен.