Бақыт Сұлтанов: COVID-19 онлайн сауданың айтарлықтай өсуіне ықпал етті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Үкіметінің отырысында талқыланған екінші тақырып - Электрондық сауданы дамыту мәселелері туралы болатын.
Бұл ретте ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасап, қазіргі уақытта халық онлайн сатып алудың тиімділігі мен ыңғайлылығын түсінгенін жеткізді.
Бүгінде тұтынушылар тауар сапасына көбірек назар аударуда. Халықаралық есептерге сәйкес тұтынушылардың 40%-ы тауарды брендтің сенімділігіне қарай таңдайды. Электрондық сауда саласындағы компаниялардың көпшілігі сатып алушыны тартудың негізгі факторлары ретінде тауарлар туралы деректердің өзектілігі мен тауарларды белсенді өңдеп сатып алушыға дейін жеткізу екенін айтады. Басқа әлемдік трендтердің ішінде трансшекаралық онлайн-сауданы және логистиканы дамыту үшін елдер арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың күшеюін атап өту маңызды, - деді ол.
Министрдің айтуынша, COVID-19 пандемиясы онлайн сауданың айтарлықтай өсуіне алып келді және B2C арналары бойынша сатуды арттырды. Интернет арқылы бөлшек сауда белсенділігінің артуы аурушаңдық пен карантин өршу кезеңінде орын алады. B2C арналары бойынша сатудың артуы әсіресе, дәрі-дәрмектерді, тұрмыстық заттарды және азық-түлік өнімдерін онлайн сатуда байқалды.
Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда, салық жеңілдіктерін алу үшін табыс салығын төлеуден босатылған 601 интернет-дүкен тіркелген. "Қазпочта" АҚ мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд теңгені құрады. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ын құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 900 млрд теңгеге өсім болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрай отырып, 1,9 трлн теңгеге жетеді, - деді ол.
Бақыт Сұлтанов карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларын жүргізудің ұлғаюы байқалғанын жеткізді. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елдегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 есеге ұлғайып, шамамен 7,5 трлн теңгені құраған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет - Мамин
Келесі жаңалық
Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды
Өзгелердің жаңалығы