Бақыт Кеңшілік: Домбыра тұрған үйде береке тұрады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақтың ортақ тілі – домбыраның күмбірі. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деген сөз де санамызда жатталған. Домбыраның киесі туралы оны жасаған адамнан артық ешкім біле қоймас.
Атажұртқа Моңғолиядан келген Бақыт Кеңшілік – қолөнер шебері. Ағаштан ұлттық аспап жасайтын ұста 25 жылдан бері Өскеменде тұрып жатыр. Осы аралықта талай күйші мен әншінің қолында жүрген қара домбыраның авторы күш-жігерді қажет ететін іске қалай келгенін айтты.
- Бұл шеберлік сізге қайдан келді?
- Кішкентай кезімізде ұлы атамның інісі Қатпа деген ұста атамыз болды. Ер-тоқым, үзеңгі, жүген, күміс белбеу, білезік, жүзік жасайтын. 5-6 жасымнан сол атама көрік басып беретінмін. Ағаштың көмірімен қызатын көрікпен кез келген темірді балқытып жіберуге болады. Атам пышақ, таға соғатын. Көрікке тек ағаш көмірін қолданатындықтан, орманға барып, ағашты өртеп, көмірін алатынбыз.
Әңгіменің әлқиссасы балалық шақта ағаштың кеуіп қалған сұлбасын ұнатқаннан басталды. Домбыраға деген қызығушылық сол кезде артты. Елге келген жылдары, яғни 1995 жылдары заман қиын болды. Өзімнің тәмамдаған мамандығым – технолог. Жұмыс жоқ. Отбасымды асырау керек болды. Сондықтан да қолөнерге бет бұрдым. Кәдесыйлар жасай бастадым. Сосын ескі домбыралрды зерделеп, домбыраны жасауға машықтандым.
Ағаштың қасиетін білемін, оқыдым. Сол үшін де домбыраны жасау маған оңайға түсті. Кейін оны адамдар көріп, сұраныс пайда бола бастады. Кәдесыйлар жасау үшін ағашты шетелден алдыртатынмын.
Домбыра жасау үшін шетелден алдырған ағаш қиқымдарынан ұлттық нақыштағы, қазақтың иісі шығатын кәдесыйларды жасай бастадым. Оны да халық жылы қабылдады. Әлі де тапсырыс берсе, жасаймын.
Кәдесыйларды жасау жүректен шығады. Оған өзім атау беремін. Барлығын өміріммен байланыстырамын. Мысалы, "Тағдыр" деген кәдесый бар. "Ана мен бала", "Көкбөрі", "Жан домбыра", "Сыр домбыра", "Айбын", "Биші қайың", "Ана толғауы" деген бірегей кәдесыйларды жасадым. Өскемен қаласы-кеніш орталығы. Қалаға арнап екі кәдесыйды сызып қойдым. Соны жүзеге асыру керек.
- Қандай әйгілі адамдарға домбыра жасап бердіңіз?
- Қазақстан бойынша барлық өңірдің өнер оркестрлері тапсырыс береді. Танымал адамдардың ішінен шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев, айтыскер ақын Серік Құсанбаев, Абаш Кәкенов, әншілерден Төреғали Төреәлі, Мейрамбек Беспаев мен жасаған домбыраларды ұстап жүр. Өскемендегі барлық асаба мен әншінің қолында жүр. Ел бойынша өнер колледждерінің студенттері де тапсырыс берген.
- Қолынан іс келетін, кәдесыйлар, музыкалық аспаптар жасайтын шеберлер көрме өткізуге құмар. Сіз де шығармашылық көрме өткізген шығарсыз?
- Иә. Екі жерде шығармашылық көрмем өтті. 2009 жылы Өскеменде "Алтайым – аңсаған атажұртым" деген алғашқы көрмем өтті. Екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында "Жан әуені" атауымен өтті. Одан бөлек Өскемендегі кітапханалар, мектептер шағын көрме өткізіп беруге шақырып тұрады.
- Домбыраның киесі бар дейді халқымыз. Өзіңіз осы істің басында жүрген соң шынымен киесі бар деп сенесіз бе?
- Сенемін. Тіпті басымнан өткен бір оқиғаны айтып та бере аламын.
- Иә, айта отырыңыз, оқырмандарға қызықты болсын.
- Біраз жыл өтті. Автобуста келе жатыр едім. Бір келіншек қайта-қайта маған қарап, "Сіз домбыра жасайсыз ғой? Мен сізді теледидардан көрдім" деді. "Иә, жасаймын" дедім. "Қара домбыра-киелі деп айтады. Біздің үйде домбыра тартатын адам жоқ. Күйеуім ащыға құмар, жұмыстан кеш келеді. Домбыраның киесі бар, үйге береке керек. Мен сізге тапсырыс берейін, істеп бере аласыз ба?" деп тапсырыс берді. Бір аптаның ішінде жасап бердім. Біраз уақыт өтті. 3-4 ай өткен шығар. Тағы бірде автобуста келе жатқанда сол тапсырыс берген әйелді көрдім. Мен оны танымай қалдым. Бір әйел жылыұшырай амандасып, қал-жағдайымды сұрады. Артынша, "Сіз мені танымай қалған секілдісіз, мен сізге домбыра жасатып алған едім" дегенде есіме түсті. "Домбыра үйге келген соң, туыс, дос-жаран жиналып, ән шырқала бастады. Үйде жаймашуақ үйлесім пайда болды. Жолдасым жұмыстан ерте келіп, домбыра шертетін болды" деп өз жайын айтып жатыр. Домбыраны үйіне апарғалы бері ащы суға әуес күйеуі жұмыстан ерте шығып, үйіне жеткенше асығатын болыпты. "Домбыра шертіп болған соң "үһ" деп күрсініп, кеудесі орталап, шері тарқап қалғанын айтады. Бұрыннан бері неге домбыра шертпегеніне өкініш білдіретін болды күйеуім" деді әлгі әйел. Күйеуі жұмыстағы бар шаршағанын домбыра тарту арқылы тарататынын айтты. Иә, бұл өмірде болған шағын оқиға. Домбыраның киесін осындайда көруге болады.
- Домбырадан басқа қандай музыкалық аспап жасайсыз?
- Соңғы он жылда республика бойынша ізденістің, еңбекқорлықтың арқасында таныла бастадым десем болады. Әлемдік деңгейге қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттау мақсаты болды. Домбырадан бөлек, қобыздың үш түрін жасаймын. Нар қобыз, оркестрге арналған, жеке орындаушыға арналған қобыздарды істеймін. Жетіген, сыбызғы, сылдырмақтар, шертер, дауылпаз, даңғыра деген аспаптарды жасадым. Оған қоса, олардың қабын да әзірлеп беремін.
Домбыраны да жасау түр-түрге бөлінеді. Жеке орындаушылардың дауысына үндесетін домбыра әзірленеді. Қазір электронды домбыра жасауға да тапсырыс келеді. Домбыраның ішіне микрофон салып жасайсың. Оны жасауға кіріскелі жатырмын. Адамның үйренері көп қой. Шын ықыласпен, үлкен сезіммен іске кіріссең, қолдан келмейтін дүние болмайды. Әрине, оған табандылық пен шыдамдылық та керек.
- Кәдесыйлар жасаймын деп жатырсыз. Тапсырыс беретіндер көп пе?
- Өскемен қаласында менің туындыларымды көріп, комбинатқа кәдесый жасап, жұмыс істедім. Шетелден қонақтар көп келеді. Біз істеген заттар – қазақтың төлқұжаты. Шетелге шыққанда да қазақтың салт-дәстүрін сипаттайтын кәдесыйлар көзге оттай басылады. Біз – ата-бабаларымыздың қолөнер ізін жалғастырушы шеберлердің біріміз. Әлемдік деңгейге "Алтын адамды" шығарып, жасап кеткен қолөнершілердің үлесі. Бұл даңғыл жолды суытпай, жалғастыра беру керек. Себебі, ұлттық нақыш – халықты өзгеден ерекшелендіретін басты нышан. Әр қазақтың үйінде домбыраның үні күмбірлесін. Домбыра күні құтты болсын!
-Әңгімеңізге рақмет!