Бақылау топтары 200-ден астам бұзушылықты анықтады

Нұр- Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы мониторинг кезінде 200-ден астам бұзушылық анықталғанын айтты.

Мемлекет басшысының дәрі-дәрмектерді алыпсатарлық фактілерінің жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, "Адалдық алаңы" жобалық кеңселері, арнайы мониторингтік топтар, сондай-ақ, азаматтық белсенділерден құрылған жұмыс топтары 2500-ден астам дәріханаға, 200 медициналық бұйымдар қоймасына, 250 аурухана мен емханаларға мониторинг жүргізген. Нәтижесінде 200-ден астам бұзушылық анықталды, - деді ол.
 
Ол атағандай, ең көп таралған бұзушылықтардың қатарында бағаны көтеру, дәрі-дәрмектерді мамандандырылған үй-жайлар мен дәріханалардан тыс сату, лицензиясыз дәріханалардың жұмыс істеуі.

- Елордалық дәріханаларда "Амлодимед" және ЦЕФ-3 препаратының бағасы үштен бірге қымбат бағада сатылған.

- Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды азық-түлік базарларында және азық-түлік дүкендерінде қайта сату фактілері анықталды.

- Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырған дәріханалар анықталды.

- Қостанай облысында облыстық аурухананың лауазымды тұлғасына қатысты өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарын 35%-ға жоғары бағамен жеткізуге шарт жасасу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Нақты бағасы 520 мың теңге болған жағдайда сатып алу 702 мың теңгеге жоспарланған (шығын Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысымен расталған).

- Қызылорда облысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасарына қатысты 17,4 млн теңгенің өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарын сатып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аппараттар "СҚ-Фармация" ұсынған бағадан 3 есе жоғары бағаға сатып алынған.

- Жасанды тапшылыққа жағдай жасаған жеке жеткізушілердің қоймаларында сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің ірі партияларының кешіктірілу фактілері анықталды.

- Мәселен, Қарағанды облысында қоймаларда сатылмаған дәрі-дәрмектердің (парацетамол, аспирин) 600 мың қаптамасы анықталды. Мониторинг қорытындысымен олар жедел дәріханаларға жеткізілді.
Барлық анықталған бұзушылық бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық органдарына материалдар жіберілді. Есепті кезеңде ӘКБК-нің 424 (заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет, айыппұл – 70 АЕК) және 426 (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы ережелерді бұзу, айыппұл – 70 АЕК) баптары бойынша 65 әкімшілік хаттама тотырылды, - деді ол. 

Бұдан басқа, Алматы қаласы мен Алматы облысында 10 млн-нан астам медициналық масканы заңсыз жүзеге асырудың жолы кесілді. Нәтижесінде олар жергілікті атқарушы органдарға берілді.

Келіп түсетін медициналық препараттар мен бұйымдарды жымқыру және қайта сатуға жол бермеу мақсатында Сovid-19-ға қарсы күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық көмекті бөлу процесі жұртшылықты тарта отырып бақылауға алынды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы