Сағынтаев: Алматылықтар мердігерлердің жауапсыздығынан зардап шекпеуі тиіс

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Медеу мен Түрксіб аудандарына қосылған ықшамаудандардағы инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде көшпелі кеңес өткізді. Бұл туралы әкім өзінің Instagram-парақшасында жазды.

Думан ықшамауданында ұзындығы 27,4 км болатын 53 көшеге асфальт төсеу үшін негіз дайындалуда. Ең күрделі учаскелерге мән беріп, жұмысшы мен техниканың санын көбейтуді тапсырдым, - деп жазды Алматы әкімі.

2020 жылы Думан ықшамауданының Хан тәңірі, Қазығұрт, Қарқаралы, Ақмешіт, Бурабай, Болашақ көшелерінде жалпы ұзындығы 3,1 км, тротуарлар мен арық желілері салынды, жол төсеміне күрделі жөндеу жүргізілді. Қоғамдық көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін терминалдың бұрылу аймақтары абаттандырылды.

Түрксібке тиесілі Нұршашқан ықшамауданында 7 көшеге ірі асфальтбетон төселіп, 18 көшеде негіз дайындалып, 8 көшеге тротуар салынды. Әлмеректегі 9 көшеде, Қайраттағы 7 көшеде негіз дайындалды. Өжет ықшамауданында да жұмыстар жалғасуда. Екі көшеге ірі асфальтбетон төселіп, 6 көшеде негіз дайындалды.

Барлық учаскеде жұмысты жандандыру керек. Заңбұзушылықтар болса, мердігерлер жауапкершілікке тартылады. Қала тұрғындары баяу жүргізілген жұмыс пен жауапсыз жұмысшылардан зардап шекпеуі тиіс, - деп атап өтті қала әкімі.

Сондай-ақ, талшықты-оптикалық желі бойынша жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігі мәселесі шешілуде. Жоба пилоттық режимде Түрксібтегі Нұршашқан ықшамауданы мен Наурызбай ауданына қарасты Тастыбұлақ ықшамауданында қосылды. Қосылуға 8 мыңнан астам өтінім жиналды. Қызмет ақысын бөліп төлеуге болады. Әлеуметтік жағынын аз қамтылған азаматтарға жеңілдетілген пакеттер де бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы