COVID-19 & ДСМ: Кеткен қателік пен күтер үміт
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус індеті елде өршіп тұр. Әсіресе, маусым-шілде айы оңай болып жатқан жоқ. Ауруханадан орын, дәріханадан дәрі таба алмай жүргендер көп.
Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған бірінші кезекте бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кінәлі екенін айтты.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамы қате болды, - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.Президенттің айтуынша, коронавируспен күрес тәсілдері де үнемі өзгеріп отырады.
Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқастынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады, - дейді ол.Мемлекет басшысы Біртановты маусымның соңында отставкаға жіберген. Ол кезде Біртанов коронавирус жұқтырып, емделіп жатқан болатын.
Тоқаевтың сөзінен кейін бұрынғы министрліктің басшысын жерден алып, жерге салып жатқандар жетерлік. Бірақ бұл бір министрдің ғана қателігі деуден аулақпыз. Бұл 30 жылдан бері жалғасып келе жатқан жүйенің "жемісі" дегеніміз дұрыс болар. Біртанов сол жүйенің бір бөлшегі болған адам.
Ауру шықса, медицина дайын емес, су тасқынында Төтенше жағдайлар комитеті дайын болмады, Арыстағы жарылыста әскерлер дайын болмады. Біз сонда неге дайынбыз?! - деп жазды журналист Ләйлә Сұлтанқызы Facebook-тегі парақшасында.
Шынымен, ойланарлық жағдай емес пе? Неге бәрі біткен кезде ғана ойланамыз осы...
Үкіметтің тең жартысын коронавируспен ауыртты
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев 365info.kz сайтына берген сұхбатында бұрынғы Денсаулық министрі бұл саланы құртып ғана қоймай, карантинді де тиімді пайдалана алмады деп отыр.
Елжан Біртанов не бітірді? Меніңше, ол бұл саланы құртумен шектелмей, карантинде де өз міндетін атқара алмады. Алайда отставкаға кетуіне негізгі себеп бұл емес. Ол Үкіметтің тең жартысына коронавирус жұқтырды. Біртановтан көп үміт күтілді, өкінішке қарай, бір де біреуін орындай алмады, - дейді Данияр Әшімбаев.Оның айтуынша, карантин басталған бір айдан кейін, яғни сәуірде-ақ қабылданған шаралар тым қатал және жағдайдың тек нашарлауына әкелетіні белгілі болған.
Халыққа жөні түзу медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға болатын еді. Бірақ мұның ешқайсысы жасалмады. Сондықтан коронавирустан өзге барлық аурудың қазіргі кездегі өсуі карантиндік шектеулердің тікелей нәтижесі болып отыр. Бұл жерде Біртановтың командасының жүргізгісі келген реформалары туралы айтпай-ақ қояйын, - дейді саясаттанушы.
PR-науқанға 600 милилон теңге бөлген
Республикалық арнайы мониторинг тобының жетекшісі Айгүл Соловьеваның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы PR-науқанға және бейнероликтерге 600 миллион теңге бөлген.
Президент коронавируспен күреске 191 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Ал оған дейін бізге 400 миллион доллардай бөлінген болатын. Біздің сараптамалық топ бұл ақшаның қалай, қандай іс-шараларға жұмсалғанын тексеріп жатыр. Мендегі ақпарат бойынша пиар-компанияларға, роликтерге 600 миллион теңге бөлінген. Шын мәнінде, ол ақшаға елімізге қажетті біраз ресурс алуға болар еді, - деді Соловьева.
Ол тиімсіз жұмсалған бұл ақшаны қайтару мүмкін емес деп отыр.
Біз қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Бірақ қиын болады, себебі олар тендер арқылы біреуге берілген, тендерді жеңіп алған белгілі бір компанияға тиесілі. Бірақ бізде немен жұмыс істеу керектігі бар, – деді мониторинг тобының жетекшісі.
Халықтың ашуын тудырған қос мекеме
Осы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты екі мекеме бар. Біреуі бірыңғай дәрі жеткізетін дистрибьютор - "СҚ-Фармация" ЖШС. Екіншісі - "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры".
Бұл екі мекеме де карантин кезінде жағдайды ушықтырғаннан басқа ештеңе бітірген жоқ. Ел маусым-шілде айларында ауырғанда қажетті дәрі-дәрмекті таппай шарқ ұрды. Әсіресе, парацетамол, цефтриаксон, азитромицин, ингавирин, дексаметазон таппай қиналды.
Гуманитарлық көмекпен келген маска, антисептиктерді қабылдап алған, сырттан және өзімізде шыққан дәрінің бәрі алдымен осы "СҚ-Фармацияға" жөнелтіледі. Сосын олар дәріханалар мен медициналық орталықтарға таратады. Қоймада ұстап, дәріні уақытылы жеткізбей елді әбден қан қақсатты. Пневмонияны қоспағанда, осы күні аптасына 100-ден астам адам өмірден өтіп кетіп жатыр. Мысалы, министрліктің ресми мәліметі бойынша 7-12 шілде аралығында 111 адам қаза тапқан.
Ал екіншісі құрылғаннан бері сыннан көз ашпай келе жатқан "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры". Бұлар да министрлік секілді ақпараттық түсіндіру жұмыстарына 233 миллион теңге жұмсаған. Мұны "Атамекен" бизнес арнасының тілшілері жазды.
Бұған наразылық білдіріп жатқандар бар. Мысалы, Сәуле Омарова есімді әлеуметтік желі қолданушысы былай деп жазған:
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" соңғы екі жылда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына 233 млн теңге жұмсапты. Қош дейік. Бірақ қорға ақша аударғанымызбен, сол ақшаға ол қор қандай қызметтерді тегін ұйымдастыратынын мен өзім әлі күнге ұқпаймын. Ондай жалғыз мен емеспін. Бір білетініңіз бар ма? Мысалы, сіз эндокринолог маманға қаралдыңыз. Сонда міндетті түрде қалқанша безінің гормондарына анализге жібереді. Ол қызмет бұрыннан ақылы. Қазір де өз қалтаңыздан төлейсіз. Сонда не өзгерді? Емханада УЗИ тегін жасата аласыз. Кезекке тіркеліп, уақыты келгенде түсесіз. Егер шұғыл жасату қажет болса, онда басқа жолын іздейсіз. Бұрыннан солай. Мұндай мысал көп, - дейді Сәуле Омарова.
Ол емханадағы дәрігерлер барған науқасқа неге түсіндірмейтініне таңданысын жасырмайды.
Осы сараптаманы қордың есебінен тегін тапсыра алатынын неге айтпайды? Міне, осы қор жұмысының көрсеткіші болар еді. Damumed қосымшасына қор тарапынан төленетін қызметтердің тізімін жазып қойсын. Оған қосымша ақша жұмсап не керек?! Не үшін жарна аударатынымызды, сол үшін қандай қызмет көрсетілетінін білуіміз керек. Бұл - біздің заңды талабымыз, - дейді Facebook қолданушысы.ӘМСҚ ресми сайтында қордың жалпы табысы желтоқсан айының соңында 5 949 713 000 теңгені құрағаны жазылған. Ал жалпы және әкімшілік шығыстар 4 423 367 000 теңге болып отыр (кірістің үштен екі бөлігі қордың өзін ұстауға кетеді), оның ішінде 3,047,663,000 теңге тек қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге жұмсалады екен.
Қосылғаштардың орны ауысқанмен, қосынды өзгере ме?
Онсыз да шудан арылмай жатқан қордың басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жары Гүлбаршын Зайырова "жығылғанға жұдырық" болып, осындай қиын кезеңде күйеуі сыйлаған жаңа он екінші автокөлігімен мақтанып, пост қалдырғаны бар. Осыдан кейін басы дауға қалды. Ел шу ете қалды. Бұл Президентке жетті. Ақыры Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев "СҚ-Фармация" мен ӘМСҚ басшыларын қызметтен алуды тапсырды.
Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. ӘМСҚ пен "СҚ Фармация" басшысы жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.Министрлік сол күні-ақ екі басшыны орнынан алды. Өкінішке қарай, "СҚ Фармация" төрағасы болып тағайындалған Ерхат Исқалиев бұрыннан осы құрылымның бақылаушылар кеңесінде болған. Яғни, сырттан келген адам емес. Математикада "қосылғаштардың орны ауысқанмен, қосынды өзгермейді" дейді ғой, сондай болып жүрмесе игі.
Баяғыда Нұрсұлтан Назарбаев осы "СҚ Фармацияны "мафия" деген еді. Мынау бір кімнің мафия екенін табуың тиіс ойынға айналып кетті. Байқаңыздар, ойыннан от шықпасын! "СҚ- Фармацияның" басшылығына келген адам осыған дейін еліміздегі халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етуші жалғыз дистрибьютор компанияның бақылау кеңесінде болыпты. Сонда Ерхат Серікұлын бұл орынға қалай тағайындай салған?! Бұрынғы басшылармен бірге Исқалиевті неге тексермейді?! - деп жазды журналист Ерқанат Көпжасарұлы.Ал "Aiqyn" газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев Zertteu Research мәліметтеріне сүйене отырып, Facebook-тегі парақшасында мынандай жазба қалдырған.
"СК-Фармация" не үшін керек? 145 адамды миллионер қылу үшін. Неге? Өйткені олардың орташа жалақысы 852 мың теңге болған. Министрдікімен бірдей. Былтыр тек жалақы төлеуге 1,48 млрд теңге жұмсаған. Басқарма бастығының қанша алатынын қиялдай беріңіз. Олардың міндеті мұрын қанайтын тірлік емес еді. Дайын бюджет ақшасына шетелден дайын дәріні сатып алып, елге тарату болған. Пандемияда осы бір міндетті де дұрыс атқара алмады. Дәрі, ИВЛ аппарат жетпей, қанша кісі көз жұмды. Тек елорданың маңындағы Ильинканың (Қараөткел ауылы) зиратында бос жер қалмай барады дейді. Айтпақшы, барлық жалақы сіз бен біздің салығымыздың есебінен төленді, - дейді Нұрмұхамед Байғараев.
P.S. Қалай десек те, бір өзгерістің бары анық. Министр және жоғары да аталған құрылымдардың басшылары ауысты. Осындай қиын кезеңде шұғыл қимылдар, нақты әрекет қажет. Министрлік қоғамдық бақылауды құрды. Халықтың өзіне бақылау жасауға, жемқорлықпен күресуге мүмкіндік беріліп жатыр. Бұған ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де ат салысатын болды.
Өзекті мәселелерді жинақтай және саралай отырып, Қоғамдық бақылау тобы өз қызметінің үш басым бағытын анықтады: Біріншісі - Медициналық мекемелердегі дәрігерлердің жұмыс жағдайына және емделушілердің емдік шараларына мониторинг жүргізу. Екіншісі - Гуманитарлық көмекті үйлестіруде мониторинг жүргізу. Үшіншісі - Әлеуметтік және медициналық көмек көрсету бойынша азаматтардың құқығын сақтауда, сондай-ақ пандемия жағдайындағы карантиндік шаралардың орындалуына мониторинг жүргізу, - дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Лима Диас.