БҚО-да «Мектепке жол» акциясы өткізілуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау бойынша көмекке мұқтаж балаларды барынша оқумен қамту мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дəстүрлі басталуынан бір ай бұрын, шілде айында басталып, 30 қыркүйекте аяқталады.Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Акцияның негізгі мақсаты - аз қамтылған, көпбалалы жəне тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде жəне əлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу бойынша əлеуметтік қолдау көрсету.
Акция өткен он бір жыл ішінде 178 359 бала 935 миллион 260 мың теңгеге материалдық көмек алса, 2018 жылы ірі компаниялар мен акционерлік қоғамдардың, бизнес-қоғамдастықтардың, мемлекеттік органдардың, кəсіпкерлердің, демеушілер мен меценаттардың көмегінің арқасында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан 11 127 бала жалпы сомасы 62 млн. 288 мың теңгеге материалдық жəне қаржылық көмек алды.
Биылғы жылы дəстүрлі акция (12-ші) «Мектепке жол» акциясы «Жүректен жүрекке!» ұранымен өткізіледі.
«Мектепке жол» республикалық акциясын ұйымдастыруда жəне өткізуде бас əріптес «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы мен оның аумақтық бөлімшелері жəне «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігі болып отыр.
«Білім басқармасы облысымыздың барлық азаматтарын балаларды мектепке дайындауға көмек қолын созып, аталған іс-шараға бір кісідей атсалысуға шақырады. Акцияға өз үлесіңізді қосу арқылы бүлдіршіндердің жүзіне қуаныш сыйлаңыз!»,- делінген хабарламада.