БҚО-да акция аясында дəрігерлер шалғай ауылдарға жолға шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру үшін жылжымалы медициналық бригада Орал қаласынан жолға шықты.Бұл туралы БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрамында жалпы тəжірибе дəрігерлері, кардиологиялық, эндокринологиялық, онкологиялық қызметтер мен салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің мамандары бар бригада Жаңақала жəне Бөкейордасы аудандарында науқастарды қабылдайды.
Мамандар ауыл тұрғындарымен əңгімелесіп, денсаулықты күту жөнінде кеңестер береді, интерактивті тренингтер өткізеді. Сонымен қатар, балалардың арасында сурет байқаулары ұйымдастырылады, концерт қойылады, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша ақпараттық-танымдық материалдар үлестіріледі. СӨС мамандары ауылдық жерлерде дөңгелек үстелдер өткізеді. Кең ауқымды акция Сайқын ауылында «Дұрыс тамақтану - салауатты болашақ кепілі» шарасымен қорытындыланады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, іс-шара шеңберінде, алдын ала бекітілген кестеге сəйкес, тұрғындар үшін жылжымалы флюорографиялық жəне маммографиялық қондырғылар қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, «Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасының негізгі мақсаты тұрғындарға денсаулығын тұз, қант, майлардың (майлар, трансмайлар) жоғары мөлшері бар тағамдарды шектеу немесе қолданбау, денсаулыққа пайдасы туралы түсінік беру, дененің артық салмағы, семіздік қаупін төмендету мен жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін салауатты өмір салты негіздеріне үйрету арқылы денсаулықты сақтау мен нығайту болып табылады.