БҰҰ-ның Қазақстандағы миссиясы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет басшысының Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысуына байланысты БҰҰ-ның Қазақстандағы миссиясы туралы баспасөз конференциясы өтті. 

Баспасөз мәслихатына БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, «ООН әйелдер» құрылымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкиевич, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен, Қазақстандағы ЮНФПА өкілі Джулия Валазе, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысты. 

«Көптеген жас экология мәселелерін шешу үшін Нью-Йоркке жиналды. БҰҰ төрағасы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб пәтерінде экологиялық мәселелерді шешу мақсатында жаһандық саммитке саяси көшбасшыларды жинады. Бізде бар сәйкес жоспарда 2025 жылға дейін парниктік газ санын нөлге дейін азайту көзделген. Осыған жету үшін қажет әрекетті 2020 жылы дейін бастауымыз керек. Жүздеген әртүрлі қала, көптеген белсенді қатысушылар осы бағытта үлесін қосып келеді. Мысалы Финляндия 2035 жылы көмірқышқыл газын шығарудан бейтарап елге айналатынын жариялады. Қазақстан Париж келісіміне қол қойып, 2050 жылға дейін жаңартылған энергия көздерін 10%-тен 50%-ке дейін арттыру нақты жоспарын қойды», - деді Шимомура.

Ол Қазақстандағы БҰҰ жүйесі елдің ЭЫДҰ стандарттарын есепке ала отырып 30 дамыған елдің қатарына кіру мақсатын толық қолдайтынын айтты. 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібі және оның 17 Тұрақты даму мақсаты (ТДМ) Қазақстанға «2050 стратегиясы» мен кезекті реформа бағдарламаларында қалыптасқан даму саласына байланысты мүдделерін тиімді жүзеге асыруға көмектесетін жақсы құрал бола алатынын атап өтті. 

Ал БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш аталған ұйымның Қазақстанға институционалды даму мен биоалуантүрлілігін дамыту бағытында қолдау көрсететінін айтты. Артур ван Дизен болса Қазақстанның инклюзивті қоғам құруға деген талпынысына оң баға беріп, бала өлімінің бес есе төмендеуін басты жетістік деп атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы