БҒМ-ға қарайтын ұйымдардың құйтырқы әрекеттері белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде А.Шпекбаевтың төрағалығымен Білім және ғылым министрлігін оңтайландыру мәселесі бойынша жұмыс отырысы өтті. Бұл туралы аталмыш агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырыс жұмысына БҒМ-ның жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен "КАЗГЮУ" университеттерінің ректорлары, БҒМ-ның ведомстволық бағынышты ұйымдарының басшылары, сондай-ақ БҒМ жанындағы "Adal Bilim" сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесінің өкілдері қатысты.
"Мемлекеттік органдарды оңтайландырудың басты мақсаты - бәсекеге қабілетті және кепілдендірілген еңбекақысы бар жинақы мемлекеттік аппарат құру екенін айта кету керек. Елбасы 2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауында: "Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуі тиіс", - деп атап өтті.
Ол үшін ҚР Президентінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 745 Жарлығы (Әкiмшiлiк реформаны одан әрi жүргiзу жөнiндегi кейбiр шаралар туралы" ҚР Президентінің 2007 жылғы 29 наурыздағы № 304 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы) мен ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 827 қаулысы (ҚР Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы) қабылданды. Бірінші басшылар мемлекеттік органның штаттық саны мен ұйымдық құрылымын өздігінен анықтап, үнемделген қаражатты жалақыны көтеруге бағыттауы үшін құқықтық негіз құрылды.
Аталған кездесу аясында "Adal Bilim" жобалау кеңсесі БҒМ-ның жекелеген ведомстволық бағынышты ұйымдардың аралық талдау нәтижелерін ұсынды.
Өткізілген жұмыс туралы "ADAL BILIM" жобалық кеңсесінің әкімшісі Сергей Пен ақпарат берді.
Сонымен, квазимемлекеттік сектордың сарапталатын субъектілерінің мақсаттары мен міндеттерін саралау нәтижелері бойынша олардың кейбір функциялары БҒМ департаменттерінің функцияларын қайталайтыны, сондай-ақ мемлекеттік қаржыландырудың бұрынғы көлемі жағынан қарағанда кейбір ұйымдардың функцияларының өзектілігін жойғаны анықталды.
"Мысалы, "Өрлеу" БАҰО" АҚ 50%-ға іске қосылмаған және "Назарбаев интелектуалдық мектептері" жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы және оның филиалдарының, сонымен қоса жекеменшік оқу орталықтары мен ұйымдары секілді басқа құрылымдардың біліктілікті арттыру курстарының бағдарламаларын қайталайды. Сонымен қоса, мемлекеттік тапсырмаларды тиімсіз іске асыру белгілері анықталды. Атап айтқанда, "Кәсіпқор" Холдингі" КЕАҚ-ның "CLIL әдістемесі: арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік-тілдік біріктіріп оқыту" біліктілікті арттыру бағдарламалары", - делінген хабарламада.
Мысалы, 20 тыңдаушының тек үшеуі ғана курс материалдарын түсіну үшін ағылшын тілінің жеткілікті деңгейіне ие болды. Себебі олар ағылшын тілінің оқытушылары болды. Қалған тыңдаушылар сауалнама-пікірлердегі маңызды мәселе ретінде мынаны атап өтеді: ағылшын тілін білмеу, мұнда курс ағылшын тілінің "Intermediate" деңгейінен төмен емес нәтижесі бар тыңдаушыларға есептеліп жасалған.
Сондай-ақ, сараптама қызметкерлерді негізсіз және көмескі сыйақы беру фактілерінің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, БҒМ-не бағынышты кейбір ұйымдардағы сыйақы мөлшері қызмет нәтижесіне қатыссыз қызметкерлердің бір лауазымдық еңбекақысынан бастап төрт жүз пайызға дейін құрайды.
Материалдық-техникалық базаны сараптау аз ғана қызметкері бола тұра ғимараттар мен бөлмелерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтауға мүмкіндік берді.
Сонымен, небәрі 70 адам штаты бар "Кәсіпқор" Холдингі" КЕАҚ-ның жалпы аумағы 1567 шаршы метрді құрайтын ғимаратын жалға алу шығыны 52 547 140 теңгені құрайды.
"Холдинг төрағасының орынбасарының кеңсесі 144 шаршы метр, 48 және 40 шаршы метр сәйкесінше демалыс және қабылдау бөлмесі, құрылымдық бөлімше басшысының кабинеті 175 шаршы метр болған", - делінген хабарланған.
С.Пеннің пікірінше, жыл сайын қомақты бюджеттік қаражаттарды игеретін "Өрлеу" БАҰО" АҚ мен "Кәсіпқор" КЕАҚ Холдингі сияқты Білім және ғылым министрлігіне бағынышты ұйымдардың қызметінің тиімділігі мен мемлекеттік тапсырмаларды орындау тәртібі көбінесе күмән келтіреді.
Отырыстың қорытындысы бойынша БҒМ-не бағынышты ұйымдарын оңтайландыру бойынша шараларды әзірлеуге бағытталған жобаны одан әрі іске асыру жолдары анықталды.