БҰҰ өкілі Фабрицио Хохшильд Қазақстанға ресми сапармен келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ-ның 75-жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі арнайы кеңесшісі Фабрицио Хохшильд 31 қаңтарда Қазақстанға біздің Үкіметтің шақыруы бойынша ресми сапармен келеді. Бұл жөнінде СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады. 

Сапар барысында 31 қаңтарда Фабрицио Хохшильдтің "Digital Almaty" форумына қатысуы, цифрлық даму, иновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевпен кездесуі, сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан халықаралық ұйымдардың ғимаратына баруы жоспарлануда, - деді спикер. 
1 ақпанда БҰҰ өкілінің сапары Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын тауып, Фабрицио Хохшильдьің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуі жоспарланып отыр. 

Смадияровтың айтуынша, кейін БҰҰ өкілі инновациялар жөніндегі "Астана хабына" барады және Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенттерімен кездеседі.

Осыған дейін Айбек Смадияров Уханьда 98 қазақстандық студент өз еркімен қалып қойғанын айтқан еді. Коронавирустың ошағына айналған Ухань қаласында 230 қазақстандық студент тіркелген. Бүгінгі таңда қалада 98 қазақ студенты өз еркімен қалып отыр. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі карантиннің енгізілуіне байланысты Бейжіңде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Байланыс телефондарын елшіліктің немесе министрліктің веб-сайтынан алуға болады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы