Бүкіл қазақ даласы қара жамылған күн – тарихшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін - бүкіл қазақ даласы қара жамылған күн, деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ахмет Аққали. 

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың бүгінгі күн бүкіл әлемді шарпыған коронавирус ауруынан өмірден өткен отандастарымызды еске алу үшін қаралы күн жариялады. Бүгін еліміздің көк зеңгір аспанында көкке шаншылып желбіреп тұрған туымыз тұғырынан төмен түскен күн. Қаралы күн... Бүкіл қазақ даласы қара жамылған күн. Бұл тажал Отанымыздың небір асыл ұлдары мен қыздарын арамыздан жұлып алып кеткені өзекті өртейді,-деді тарихшы.

Тарих ғылымдарының докторы атағандай, олар бейбіт өмірдің ең асыл да құрметті мамандықтардың иелері еді. 
Олар әрбір жанұя үшін, қоғам үшін қасиетті байлық болатын. Бүгінгі қаралы күні біздер оларды құрметпен еске ала отырып, салауат айтамыз. Осы тажалдан қоғамның ең негізгі байлығы адамдардың өмірін арашалап қалу жолында өмірлерін қиған дәрігерлер алдында басымызды иеміз. Өмірлерін Отанымыздың болашағы үшін, ұрпақтарының жасампаз өмірі үшін арнаған өмірден өткен барлық отандастарымыздың рухына бағыштап оқыған дұғамыз қабыл болсын,-деді ол.
Тарихшы халқымыздың басына әр ғасырда тағдырдың жазуымен небір нәубет пен зобалаң салынғанын атап өтті.
Оған тарих пен мына ұлан-байтақ үнсіз жатқан халқымыз сияқты кең даламыз куә. Мына ХХІ ғасырда халқымыз тынышта, бай-қуатты өмір сүреді деген асқақ арманмен таңымыз атып, күніміз батушы еді. ... Жоқ олай болмады. Тағы да халқымыздың басына өлім тажалы қайта үйірілді. Осы індетті жеңіп шығу мына біздің ұрпақтың еншісіне жазылған екен. Сондықтан да бірге болып, атам қазақ айтқандай "Бірлік бар жерде тірлік бар" дегендей бір болайық, нар болайық. "Әрбір қазақ жалғызым" дегендей бүгін бүкіл өмірден өткен отандастарымыз үшін дұғада болайық. Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз. Қазақ елінің туы әрқашан да көкте желбірей берсін,- деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы