Бүгін - Астана күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астана қалай құрылды?

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Елбасы өзінің "Еуразия жүрегінде" атты кітабында былай деп еске алады.  

Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған, - деп жазған еді Назарбаев.    

Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді.

1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 1998 жылы маусымның 10-ында жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-сы Елорда күні ретінде атап өтіледі.

1997 жылға дейін сол кездегі Целиноград, кейінірек Ақмола 300 мыңнан астам адам тұратын облыс орталығы болды. Демографиялық көрсеткіш қала Қазақстанның жаңа астанасы болғаннан кейін күрт өсті. 23 жыл ішінде халық саны үш есе өсіп, 2020 жылдың мамыр айында 1 149 947 адамға жетті. Осылайша, өсім 849,442 адамды құрады. 1999 жылдың басында қалада бір жастағы бала саны 3 853, ал ғасыр жасаған сегіз адам ғана болды. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының ең үлкен контингенті бір жастағы бала саны – 29 516, ал ғасырдан ұзақ жасағандар саны жүзден асады!

Сонымен қатар, статистикаға сүйенсек, республикамыздың астанасында ерлерге қарағанда әйелдер саны көбірек. Осы жылдың мамыр айының басында қалада 598 009 әйел және 551 938 ер адам тұрады. Ең тығыз қоныстанған аудан – Сарыарқа, онда 340 мыңнан астам адам тұрады. Одан кейін Алматы ауданы – 299 мың, Есіл ауданы – 272 мың және Байқоңыр – 237 мың адам.

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты Астана күніне орайластырылған шаралар онлайн өтеді. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы