Бүгін 600-ден астам елордалық оқушы ҰБТ тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күні. Оған қатысуға республика бойынша 95 440 оқушы өтініш білдірген.
Биылғы жылдың алғашқы сынағына 600-ден астам елордалық оқушы қатысып, білімдері мен дайындықтарын сынады. Бұл туралы Елорда Инфо хабарлады.
Тестілеудің алғашқы күні республика бойынша 10 273 оқушы қатысуға өтініш білдірді, оның 626 Нұр-Сұлтан қаласы бойынша, - деп көрсетті Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.
Атап өтерлігі тестілеуге 600 оқушы цифрлық сәйкестендіруді қолдана отырып, құжатсыз өтетін болады.
Қазіргі уақытта Ұлттық тестілеу орталығы пилоттық жоба ретінде ҰБТ-ға қатысатындардан бірде бір құжатты талап етпеудің жолдарын енгізіп, онлайн түрде цифрлық сәйкестендіруден өту бойынша жұмыстар жасап жатыр. Жоба оң нәтижелер көрсеткен жағдайда, алдағы наурыз айында құжаттарды толықтай онлайн қабылданады.
Ұлттық тестілеу орталығы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, елімізде тестілеу 99 пунктте ұйымдастырылған, 820 аудитория арнайы дайындалды.
Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында тапсырылған ҰБТ нәтижелерімен ақылы түрде жоғары оқу орындарына түсуге болады. Ал маусым айындағы тапсырылған тестілеу нәтижелерімен түлектер білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 қаңтарға дейін өткізіледі.