Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешумен мықтап айналысу қажет – Бектенов

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарына барып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық өндірісті одан әрі ұлғайту әлеуетімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қызылжар Сүт» ЖШС заманауи сүт кешенінде Олжас Бектенов «ақылды ферма» жұмысының технологиялық процесін қарап шықты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша сүт кешені 6 мың тоннадан астам сүт өндірді.

Келесі нысан сүтті қайта өңдеу саласындағы отандық жетекші кәсіпорындардың бірі – «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС болды.

Ол 20 жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді.

Өткен жылы 104,8 мың тонна дайын сүт өнімі немесе еліміздегі жалпы көлемнің 11,5%-ы өндірілді.

«AVAGRО» ЖШС кәсіпорнында Премьер-министр ауыл шаруашылығы техникасын шығару процесімен танысты, бұл әсіресе көктемгі егіс жұмыстарының басталуы қарсаңында өзекті.

Кәсіпорында тіркемелер, өздігінен жүретін бүріккіш техника, сыйымдылықтар, тасымалдау блоктары және т.б. өнімдердің кең желісін өндіру жолға қойылған.

Саладағы өндіріс көлемі 5 жыл ішінде заттай мәнде 304%-ға, 2019 жылы 4,2 мыңнан 2023 жылы 17,2 мың бірлікке дейін өсті.

Бұл ретте жергілікті қамту үлесі 70%-ға дейін жеткізілді.

Кәсіпорын өнімдерін көріп шыққан Премьер-Министр салалық министрліктерге аталған жұмыстарды жеделдетуді, яғни техниканы жаңартуды қажет ететін егіншілерді отандық өндірушімен байланыстыруды тапсырды.

Оған қоса министрліктер, әкімдіктер және «Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлерге арнайы бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау шараларын қолдануға жәрдемдесуге тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қарсы міндеттемелерді қолдана отырып, тек қана отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 450 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешумен мықтап айналысу қажет. Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында АӨК өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті. Табысты отандық бизнес – бұл, ең алдымен, сөрелердегі қазақстандық өнімдер және жұмыс орындары. Бүгінде ішкі нарықта импортталған сүт өнімдері бар. Алайда біздің зауыттар қажетті нәрсенің бәрін өздері өндіре алады, бұл үшін мүмкіндіктер бар, — деді Олжас Бектенов.

АӨК объектілерін аралау кезінде Премьер-Министрге көктемгі егіс жұмыстары, атап айтқанда, пайдасы жоғары майлы және жем-шөп алқаптарын ұлғайтуға баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерін әртараптандыру туралы баяндалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: primeminister.kz
Өзгелердің жаңалығы